Бір айлық күрес: өмір үшін арпалыс
Қарағандылық дәрігерлер астаналық 20 жастағы бойжеткеннің өмірін сақтап қалды. Гүлнар Бектұрған сапар кезінде жағдайы күрт нашарлап, жол үстінде қатты қан кете бастаған. Пойыз Приозерск маңында тоқтап, қыз шұғыл түрде жергілікті ауруханаға жеткізілген. Онда дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыруға бар күшін салғанымен, Астанаға тасымалдау мүмкін болмаған.
Жағдайының өте ауырлауына байланысты ол Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасына жөнелтіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Облыстық клиникалық аурухананың хирургия орталығының жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Ирина Каримованың айтуынша, науқас көп мөлшерде қан жоғалтып, бүйрекке ауыр зақым келген. Дәрігерлер оған гемотрансфузия жасап, гемодиализ жүргізуге және тыныс жолдарын қамтамасыз ету үшін трахеостомия жасауға мәжбүр болған. Гүлнардың өмірі 26 күн бойы бірнеше рет қыл үстінде тұрған. Соған қарамастан, оны емдеген дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби біліктілігі, пациенттің өмір үшін болған күресі нәтижесін берді.
Қазір бойжеткен сол күндерді қорқынышты түстей еске алады. Жансақтау бөлімінің мамандарымен ерекше бауыр басып қалғанын айтып, оларды «екінші отбасымдай болып кетті» деп сипаттайды. Ал бөлім меңгерушісі Ирина Каримова Гүлнардың төзімділігі мен күрескерлігіне ризашылығын білдіріп, оны аяққа тұрғызуға атсалысқан әріптестеріне алғысын айтты. Қазір Гүлнардың жағдайы тұрақты. Ол өздігінен қозғалып, Астанаға оралуға дайындалып жүр. Айта кетейік, оның барлық емі Қазақстандағы кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі аясында көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, бойжеткеннің толық қалпына келуіне барлық мүмкіндік бар.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»


