Ұстаздардың жалақы теңсіздігі: колледж оқытушылары неге зардап шегіп отыр?

Қазақстанда педагогика саласын қолдауға бағытталған түрлі бастама қолға алынғанымен, колледж оқытушыларының жалақысы әлі де әділ деңгейде емес. Олар мектеп мұғалімдеріне қарағанда көбірек жұмыс істесе де, еңбекақы мөлшері бұл жүктемеге сай келмейді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» бұл мәселені шеше ала ма?

Қарағандылық математика және физика пәнінің оқытушысы Мөлдір Жақыпова колледжде он жылдан бері еңбек етіп келеді. Мектептегі тәжірибеден кейін ол колледжді таңдағанымен, жалақы мәселесі оның әріптестерін алаңдатып отыр.

— мектеп мұғалімі аптасына 16 сағат, жылына 34 апта жұмыс істейді;

— колледж оқытушысы сол жалақыға 18 сағат, 40 апта еңбек етеді.

Жылдық есеппен колледж педагогының жүктемесі 720 сағатқа жетсе, мектеп мұғалімінікі 544 сағатты құрайды.

Сонымен қатар мектеп мұғалімдеріне жаңартылған білім мазмұны үшін 30% үстемеақы төленеді. Ал колледж оқытушылары бұл төлемді алмайды. Ғылыми дәрежесі үшін берілетін қосымша ақы да мектеп пен жоғары оқу орындарында бар, бірақ колледждерге қолданылмайды.

Облыстық білім басқармасының өкілдері жалақы айырмашылығына белгілі бір себептер барын айтады. Гүлнара Қабдуллинаның сөзінше, колледж студенттері ересек болғандықтан, оқу процесі мектепке қарағанда жеңілдеу.

– Мектепте талаптар мен оқу жоспарлары жиі өзгеріп отырады. Жаңа пәндерді меңгерту де қиын. Сондықтан мектеп мұғаліміне түсетін салмақ жоғары, – дейді басқарма өкілі.

Алайда колледж оқытушылары өз жұмысының да жеңіл еместігін, жүктеменің көп екенін және жалақының сәйкес келмейтінін алға тартады.

Мәжіліс депутаты Ислам Сұнқардың айтуынша, кәсіби-техникалық колледждер педагогтары ынталандыру төлемдерінің жоқтығына жиі шағымданады. Жалақы айырмашылығы салдарынан көптеген мамандар мектеп пен жоғары оқу орындарына немесе өндірістік кәсіпорындарға кетуге дайын.

– Экономика жұмысшы мамандықтарына сүйенсін десек, сол мамандарды дайындайтын ұстаздарға дұрыс жағдай жасауымыз керек, – дейді депутат.

2025 жылдың «жұмысшы мамандықтар жылы» болып белгіленуі мәселені шешуге үміт сыйлағанымен, бюджет тапшылығы әлі де кедергі болып тұр. Депутаттар үкіметтен нақты қадамдар жасайды деп күтеді.

Сарапшылар пікірінше, колледж оқытушылары экономика үшін аса маңызды практикалық мамандарды дайындаушы негізгі буын. Олардың еңбегін әділ бағалау – стратегиялық міндет.

Егер бұл мәселе шешілмесе, кәсіптік білім беру саласында кадр тапшылығы тереңдеп, өндіріс орындарына қажетті мамандарды даярлау қиындай бермек.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»