МҰЗДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ҚАТАҢДАДЫ: ҚАРАҒАНДЫДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

Қыстың келуімен бірге Қазақстанның көптеген су айдынында мұз қалыптаса бастады. Алайда қалыңдықтың жеткіліксіздігіне қарамастан, кей тұрғындар мен жасөспірімдер қауіпті елемей, мұз үстіне шығуын жалғастыруда. Қарағандыда саябақтағы көлдің жұқа мұзына шыққан үш жасөспірім туралы видео әлеуметтік желілерде таралып, қоғам назарын аударды. Куәгерлер түсірген кадрлардан кейін саябақ қызметкерлері шұғыл түрде құтқарушыларды шақырған. Бірақ мамандар жеткенше, балалар өз бетімен жағалауға шығып үлгерген.

Саябақ қызметкерлерінің айтуынша, оқиға кезінде мұз үстінде сегіз-тоғыз адам болған. Олар балаларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, мұндай әрекеттің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

 

РЕСМИ ЕСКЕРТУ: МҰЗҒА ШЫҒУ ЗАҢМЕН ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Қарағанды қаласы ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының аға офицері Сұлтан Зейнуллин мұз үстіндегі жағдайдың өте қауіпті екенін атап өтті. Арнайы №34 бұйрыққа сәйкес, мұз толық қатпаған кезеңде су айдындарына шығу заңмен тыйым салынған.

– Мұндай жағдайда адамның өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төнеді. Мұз астына түсіп кету, үсу, жарақат алу қаупі жоғары. Әсіресе, адам жүзуді білмесе, суық су қозғалысты тежеп, ауыр жағдайға немесе өлімге әкелуі мүмкін, – деді офицер.

Құтқарушылардың дерегінше, қазіргі уақытта көптеген су айдынында мұздың қалыңдығы небәрі 1-2 см ғана. Бұл – өте қауіпті көрсеткіш. Осы маусымда мұзға шыққан екі адам қаза болған: 22 қарашада Қостанайда бір балықшы суға батса, 25 қарашада Алматы облысында осындай жағдай тіркелген. Осы оқиғалардан кейін ел бойынша мұздағы қауіпсіздік талаптары қатаңдатылып отыр.

 

БАЛЫҚШЫЛАРҒА – АРНАЙЫ ЖАБДЫҚ

Құтқарушылар мұзға шығатын тұрғындар, әсіресе әуесқой балықшылар әрдайым арнайы құралдар алып жүруі керек екенін ескертеді. Олар: құтқару жилеті; 2 метрден кем емес таяқ; арқан; су өтпейтін пакетті телефон. Бұл жабдықтар төтенше жағдайда адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

ТЖБ бас маманы Мерей Оспановтың айтуынша, мұздың түсін көзбен бағалау да маңызды. Көгілдір мұз – мықты, ал ақшыл немесе сарғыш мұз – сенімсіз. Автокөлікпен мұзға шығу үшін қалыңдық кемінде 30 см болуы керек.

Сондай-ақ балық аулау тәртібі де түсіндірілді: әр адамға бес келіге дейін балық аулауға рұқсат, бірақ арнайы жолдама болуы шарт. Ереже бұзғандарға айыппұл салынады.

 

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖОЛ ЕРЕЖЕСІ

Қыс мезгілінде тек су айдындары ғана емес, тұрмыстық қауіп те артады. Пеш, мұржа, электр жылытқыштарын дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт оқиғалары көбейіп отыр. Жыл басынан бері өңірде 146 өрт тіркеліп, бес адам қаза тапқан.

Бұдан бөлек, боран немесе қолайсыз ауа райы салдарынан жабылған жолдарға шығу – әкімшілік құқық бұзушылық. Мұндай әрекет үшін жүргізушілер 15 тәулікке дейін қамауға алынуы немесе 30 АЕК айыппұл төлеуі мүмкін.

 

САҚТЫҚ – ТАЛАП ЕМЕС, ӨМІР ҚАМЫ

Құтқарушылар мен полицейлердің айтуынша, барлық шектеулер мен қатаңдатылған ережелер тұрғындардың қауіпсіздігі үшін. Әсіресе мұз үстіне шығудың қауіптілігі жылдан жылға артып келеді.

Қарағандыдағы жасөспірімдер оқиғасы – абайсыздықтың салдары қандай болуы мүмкін екенін еске салған нақты мысал. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»