Қарағандылық стартап қоғамдық тамақтануды цифрландыруда
Қарағандыда құрылған YAEM QR стартапы мейрамханалардағы дәстүрлі қағаз мәзірлерді заманауи интерактивті онлайн-форматқа ауыстырып, қоғамдық тамақтану саласын жаңа деңгейге көтерді. QR-кодтар мен жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жоба тапсырыс беру процесін жеңілдетеді: кәсіпкерлерге – баспа шығындарын қысқартуға, келушілерге – даяшыны күту уақытын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда YAEM QR онлайн-мәзірі Қазақстан бойынша 163 қоғамдық тамақтану нүктесінде қолданыста. «Террикон алқабы» IT-хабындағы екі акселерациялық бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін жобаға елдегі ірі төлем жүйелерінің бірі – Wooppay серіктес әрі қосалқы негізін қалаушы ретінде қосылды.
YAEM QR негізін қалаушысы Егор Лошкарёв стартап идеясын өз тәжірибесінен туындағанын айтады:
– Мен жиі сапарға шығамын. Шет елдерде мәзірді аударуды әр жолы сұрау ыңғайсыз. Ал бірден түсінетін қазақша нұсқаның болуы – үлкен артықшылық. Біздің QR-мәзір бір скан арқылы қажетті тілді автоматты түрде көрсетеді, – дейді ол.
YAEM QR жүйесінің басты артықшылықтары:
Қолайлылық: мәзір қолданушының ана тілінде ашылады, тапсырыс онлайн рәсімделіп, асүйге тікелей жеткізіледі.
Геймификация: мобильді қосымшада мини-ойындар, бонустар және лоялдылық бағдарламалары арқылы келушілердің қызығушылығы артады.
Жеделдік және өзектілік: мейрамханалар тағам бағасын, құрамын бірден жаңартып, бітіп қалған позицияларды мәзірден алып тастай алады.
Жасанды интеллект клиенттермен коммуникацияны жақсартып қана қоймай, мейрамхананың ішкі жұмысын оңтайландырады. Тәулік бойы жұмыс істейтін чат-бот 24/7 кеңес береді, мәзірді бірнеше тілге автоматты түрде аударады, сондай-ақ тағам фотосуреттерін кәсіби фотографсыз жасап шығарады.
Қаладағы мейрамхана қызметкері тәжірибесін бөлісті:
– Бізде жарты жыл бұрын QR-мәзір және алдын ала тапсырыс беру жүйесі енгізілді. Жұмыс әлдеқайда жеңілдеді: қонақтар өздері тапсырыс беріп, онлайн төлей алады, – дейді ол.
Стартаптың тағы бір маңызды артықшылығы – экологиялық және экономикалық тиімділік. Қағаз мәзірді қолданбау арқылы мейрамханалар шығындарын азайтып, табиғатты қорғауға үлес қосады.
Қазіргі таңда YAEM QR командасы ірі фуд-корттармен келіссөз жүргізіп жатыр. Мақсат – келушілер кезек күтпей, фуд-корттағы кез келген кафеден тағамды мобильді қосымша арқылы тапсырыс етіп, дайын болған кезде алу мүмкіндігін жасау.
Компания таяу уақытта шетел нарығына шығуды жоспарлап отыр.
– Біз жобамызды Өзбекстан, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірліктеріне шығаруды көздеп отырмыз, – дейді Егор Лошкарёв. Стартаптың басты күші – команда жұмысы, – деп қосты ол.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

