Әлемді бағындырған батырлар

Қарағандылық «Воин» клубының спортшылары Польшада өткен WKB World Championship & World Cup U12 әлемдік додасында айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Гродзиск-Мазовецкий қаласында ұйымдастырылған дүбірлі додаға әлемнің ондаған елінен мықты жас каратэшілер қатысып, жоғары деңгейде бақ сынады. Осындай беделді бәсекеде қазақстандық құраманың намысын қорғаған қарағандылық спортшылар ел қоржынына екі бірдей алтын медаль салды.

Биылғы чемпионатқа түрлі стильдегі карате федерациясының атынан еліміздің атын үш өкіл таныстырды: жаттықтырушы Станислав Полудинский және оның шәкірттері Ерсұлтан Ахмет пен Әмір Таушиев. Жас спортшылар үшін маңызды әрі жауапты сын болған бұл доданың нәтижесі күткеннен де жоғары болды.

Ерсұлтан Ахмет 12-13 жас санатында, 40 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде барлық белдесуде сенімді өнер көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырды. Жеті жекпе-жектің барлығында техникалық және тактикалық шеберлігін дәлелдеп, чемпион атанып, Қазақстан туын биікке көтерді. Айта кетсек, Ерсұлтан – киокушинкай каратэден Азияның екі дүркін чемпионы, сондай-ақ халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері.

Жаттықтырушы Станислав Полудинский де шәкіртінен кем түспейтін нәтижемен көзге түсті. Ол «+40 АБС» санатында өнер көрсетіп, барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл оның кәсіби шеберлігі мен үздіксіз еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

– Біз әлемдік аренада лайықты деңгейде өнер көрсеттік. Ерсұлтан өте күрделі қарсыластармен кездесіп, әр белдесуде жеңіске деген жігерін көрсетті. Егер бұған дейінгі жарыстарда жинаған тәжірибесі болмағанда, мұндай жоғары нәтиже көрсету оңай болмас еді, – деді Станислав Полудинский.

Команда құрамындағы тағы бір жас спортшы – Әмір Таушиев те турнир барысында үлкен табандылық танытып, шеберлігі мен жауынгерлік мінезін көрсетті. Бірқатар қиын кездесулерден сүрінбей өткен Әмір қосымша уақытта төрешілер шешімімен қарсыласқа жол берді. Соған қарамастан, оның көрсеткен өнері жоғары бағаланды.

Екі жас каратэші де бүгінде бесінші сыныпта оқиды. Олар төрт жасынан бері бірге жаттығып, түрлі стильдегі каратені меңгеріп келеді. Спортшылардың айтуынша, чемпионатқа дайындық кезеңі ерекше қарқынды өтіп, физикалық және техникалық дайындыққа аса мән берілген.

Қазақстандық жас каратэшілердің бұл жетістігі – олардың еңбегі мен табандылығының, сондай-ақ жаттықтырушы еңбегінің айқын дәлелі. Қарағандылық «Воин» клубы осылайша халықаралық аренада тағы бір мәрте өз мектебінің мықтылығын дәлелдеп, ел спортын дамытуға қомақты үлес қосты.

Ералы ҒАНИ,

«QH»