Жас таланттардың жарқыраған сәті

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Көркем еңбек» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған «Жас шебер» республикалық байқауы өткізілді. Шара Қарағанды облысы білім басқармасының қолдауымен және «Talap» КеАҚ бекіткен оқу-әдістемелік бірлестік жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Байқауға республиканың әр түкпірінен – Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Абай, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысынан 21 талантты студент пен олардың жетекшілері қатысты. Қатысушылар «Графика», «Кескіндеме» және «Сәндік-қолданбалы өнер» бағыттары бойынша шығармашылық шеберліктерін көрсетті.

Ашылу салтанатында колледж директоры, оқу-әдістемелік бірлестік төрайымы Гүлмира Уатаева және Қарағанды облысы білім басқармасының өкілдері қатысушыларға шығармашылық табыс тілеп, байқаудың маңыздылығын атап өтті.

– Республикамыздың әр өңірінен келген жас шеберлер өздерінің бақтарын сынап жарысқа қатысуда. Барлық студенттің баптары келісіп, жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр. Кімнің бағы басым болатынын, алдағы уақытта көретін боламыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Қарағанды облысы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Мадина Дуанбекова.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды:

«Графика» аталымы бойынша:

  • І-орын – Халелова Аида (Маңғыстау облысы, Бейнеу гуманитарлық колледжі), жетекшісі Б.Алдабергенова
  • ІІ-орын – Ашкенова Жанель (Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі), жетекшісі Д.И. Избасаров
  • ІІІ-орын – Өзбекбай Нұрасыл (Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі)

«Кескіндеме» аталымы бойынша:

  • І-орын – Идеят Гауһар (Атырау гуманитарлық колледжі), жетекшісі Е.С.Бозжігітов
  • ІІ-орын – Ұзақбай Ақнұр (Маңғыстау облысы, Бейнеу гуманитарлық колледжі), жетекшісі Б.Алдабергенова
  • ІІІ-орын – Кикбаев Ислам (Батыс Қазақстан облысы, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі), жетекшісі Ж.Ж.Жонкарбаева

«Сәндік-қолданбалы өнер» аталымы бойынша:

  • І-орын – Төретай Сандуғаш (Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанындағы Ж. Аймауытұлы көпсалалы колледжі), жетекшісі Л.С. Дуйсебекова
  • ІІ-орын – Жубанов Колдас (Маңғыстау облысы, Бейнеу гуманитарлық колледжі), жетекшісі Ә.Орынбасаров
  • ІІІ-орын – Назарбекова Арай (Абай облысы, М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі), жетекшісі Г.Б. Болганбаева

– Байқау жоғары деңгейде өтті десем қателеспеймін. Қарағандыға келгеннен бастап жылы көңіл-күйде қарсы алып, барлық жағдай жасалынып жатыр. Бұл жарыс балалардың да дамуына, басқа студенттермен байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік деп ойлаймын, – деді М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Айнұр Қарамырзаева.

Байқау аясында студенттердің жетекші оқытушылары үшін кәсіби біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сағаттар мен әдістемелік диалог алаңы ұйымдастырылды.

«Цветовые ассоциации» шеберлік сағатында Наталья Сергеенко түстер үйлесімділігі, түстер психологиясы және шығармашылық ойлауды дамыту әдістерімен бөлісті. Ал «Акварельдің тынысы: дымқыл қағазда табиғатты бейнелеу әдісі» сессиясын Даулет Избасаров жүргізіп, қатысушыларға акварель техникасының ерекшеліктерін меңгертуге мүмкіндік берді.

Әдістемелік диалог алаңы ЖОО өкілдері, мектеп мұғалімдері, республикалық ОӘБ мамандары мен колледж оқытушыларын біріктіріп, білім беру бағдарламалары, оқулықтар, педагог аттестациясы, тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Байқау қонақтары үшін Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейіне және «Алтын ғасыр» галереясына арнайы экскурсиялар ұйымдастырылды. Колледж директоры Гүлмира Уатаева алдағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, оқу-әдістемелік бірлестіктің негізгі жоспарларын жариялады.

Бұл ауқымды шара жас таланттарды қолдауға және тәжірибелі мамандар арасында кәсіби байланысты нығайтуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Ералы ҒАНИ,

«QH»