«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өңірде ерекше мазмұнға ие «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» облыстық форумы ұйымдастырылды. Бұл шара ресми басқосудан бөлек, түрлі этнос өкілдерін біріктіріп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызын арттыруға, мәдениеттер арасындағы ынтымақ пен түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.
Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің ұлттық бірлікті нығайтудағы маңызын көрсету, сондай-ақ өңірдегі этностар арасындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету. Ұйымдастырушылар атап өткендей, тіл – тек қатынас құралы емес, елдің рухани тұтастығы мен ортақ құндылықтарының өзегі. Форум киіз бұйымдары көрмесі және текемет жасаудың шеберлік сағатымен басталды. Қатысушылардың өз қолымен ұлттық бұйым әзірлеуі ұрпақ сабақтастығының, дәстүр жалғастығының және мәдениеттің біріктіруші қасиетін айқын көрсетті. Алғашқы минуттардан-ақ көпұлтты ортаға ортақ құндылыққа деген құрмет сезілді. Форумның ресми бөлімін ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов ашып, мемлекеттік тілдің ел өміріндегі орны туралы кең көлемді пікір білдірді.
– Тіл – адам, тіл – мемлекет, тіл – өркениет. Бұл – әрқайсымызға ортақ ұғым. Қазақ тілін меңгеру – ел болашағына үлес қосу, қоғаммен бірге даму, – деді ол.
Нұрлан Бикенов қазіргі жастардың мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше жауапкершілікпен қарап жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, инженерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер мен студенттердің қазақ тілін саналы түрде таңдап, оны күнделікті қарым-қатынаста қолдануы — қоғамдағы оң өзгерістің нақты белгісі. Форумға Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік органдар мен білім саласының өкілдері, студенттер және жастар қатысты. Шарада мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, оны кәсіби және қоғамдық өмірінде еркін қолданатын этнос өкілдері өз тәжірибесімен бөлісті. Тілдік коучинг орталығының жетекшісі Владислав Тен қазақ тілін үйрену барысындағы жеке тәжірибесін айтты. Ол қазақ тілінің ұқсастықтары мен ерекшеліктері, тілдік орта тапшылығы және ынта-жігердің маңызы туралы ой қозғады.
– Тілді үйрену – интеллектуалдық процесс. Бастапқыда қиын көрінгенімен, тіл ашылған сайын бәрі түсінікті бола бастайды, – деп атап өтті форумға қатысушы.
Форумда жас буынның белсенділігі ерекше байқалды. «2025 жылдың үздік оқушысы» атанған, халықаралық деңгейдегі спортшы Милана Ковальчук мемлекеттік тілді үйрену тәжірибесімен бөлісті. Ол қазақ тілін білу – заманауи жастар үшін тек қажеттілік емес, бәсекеге қабілетті болудың маңызды шарты екенін атап өтті. Шара соңында мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан бірқатар азамат Алғыс хаттармен марапатталды. Форумда айтылған ойлар мен ұсыныстар қазақ тілінің ел ішіндегі бірлік пен өзара түсіністіктің мықты құралы екенін тағы бір рет дәлелдеді. Бұл форум мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен маңызын айқындап, көпұлтты өңірдегі татулықты нығайтуға бағытталған маңызды кездесу ретінде есте қалды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

