«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы биыл облыс көлемінде өтеді
Ұлттық руханиятты дәріптейтін дәстүрлі «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы биыл алғаш рет облыстық деңгейде өтпек. Байқаудың бас жүлдесіне ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Жеңімпаз оқушыға Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті грант ұсынса, жетекшісіне «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы автокөлік табыстауды жоспарлап отыр. Қатысушылардың басты талабы – «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтып, өз білімін, есте сақтау қабілетін және шешендік өнерін дәлелдеу. Қарағандылық оқушылар байқауға қызу дайындалып жатыр.
Альбина таң шапағымен оянып, күнін кітап оқуымен бастайды. Таңғы сағат бесте тұрып, күніне 600 жол жаттау – қарапайым шаруа емес, алайда 10-сынып оқушысы бұл жолда үздіксіз еңбек етеді. Оның басты мақсаты – бас жүлде мен грантқа ие болу. Соңғы екі айда Альбина 3547 жолды жаттап үлгерген. Өлеңге жақын қыздың шығармашылық қабілеті байқауда өз шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Болашақта ол журналистика саласында мамандық алуды жоспарлап отыр.
– Жалпы, жыр жаттау менің ойымды ұшқырландырып, сөзімді еркін жеткізуге көмектеседі. Осы тәжірибе арқылы күнделікті өмірде жырдағы тіркестер мен көнерген сөздерді қолдана бастадым және бұл маған қатты ұнайды. Сол арқылы ойымды ерекше әрі әсерлі жеткізетіндей сезінемін, – деді 10 сынып оқушысы Альбина Сыздықова.
12 жастағы Айсезім үшін бұл алғашқы жыр сайысы. Дегенмен, бір айдың ішінде ол 2340 жолды жаттап үлгерген. Кішкентайынан би мен домбыра үйірмелеріне қатысып, өнердің әр саласына жақын өскен Айсезімнің басты арманы – «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында миллион теңгелік бас жүлдені жеңіп алу.
– Мен алғаш рет жыр жаттау сайысына қатысып жатырмын, бірақ өлеңдерге, тақпақтарға, олимпиадаларға қызығушылығым бұрыннан бар. Дайындығым жақсы, кейде қобалжимын, бірақ барлығын түгел жатқа айтып, жақсы орындағым келеді, – дейді 7-сынып оқушысы Айсезім Мырзағали.
Аяла – 6-сынып оқушысы және «Тұлпар мініп, ту алған» байқауындағы ең кішкентай қатысушылардың бірі. Оның жетекшісі Арайлым Смағұлова мұндай шаралардың балалардың тіл байлығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамытуға үлкен пайдасы барын айтады. Ең бастысы, бұл сайыстар оқушыларға смартфоннан уақытын бөліп, рухани әлемге көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Мен ұстазыммен бірге жаттаймын, ол маған үнемі көмектеседі. Жаттығу барысында алдымен жырды өзім оқып шығамын, содан кейін диктофонға жазып алып, оны тыңдай отырып жаттаймын, – дейді 6 сынып оқушысы Аяла Қанат.
– Бұл тек мұғалім үшін ғана емес, оқушылар үшін де үлкен мотивация. Оқушыларға грант беріледі, миллион теңгелік жүлде ұсынылады дегенде олардың ынтасын көрсеңіз, бұл керемет әсер қалдырады. 114 бетті жаттау оңай емес, ол едәуір еңбек пен нақты жоспарды қажет етеді. Ал жетістікке жеткен сәттегі мотивацияның деңгейі өте жоғары болады деп ойлаймын, – деп атап өтті №15 ЖББОМ мұғалімі Арайлым Смағұлова.
Байқауға облыстың 324 мектебінен 4 000-нан астам оқушы қатысқалы отыр. Алғашқы аудандық кезең қараша айының соңында басталады. Сол уақытқа дейін қатысушыларға 4 052 жолдан тұратын жырды толық жаттап шығу қажет.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

