«Келешек мектептері»: Қарағандыда заманауи білім ошағы іске қосылды

Президент тапсырмасына сәйкес елімізде жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қарқын алып келеді. Сол заманауи оқу орындарының бірі – Қарағанды қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектеп. Бұл білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына барлық қажетті жағдай жасалған. Заманауи сыныптар, жаңа әдістемелер және қолайлы білім беру ортасы – мектептің басты артықшылықтары.

«Кеңдала» ықшамауданында пайдалануға берілген жаңа мектеп бүгінде екі мыңға жуық оқушыны қабылдап отыр. Білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған және жақын маңдағы оқушы саны артық төрт мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. Мұнда төрт бірдей спорт залы, заманауи зертханалары бар оқу кабинеттері жұмыс істейді. Оқушылардың жеке қабілеті мен қызығушылығына баса назар аударылып, инклюзивті білім беру бағытында да кешенді жағдай жасалған. Цифрлық ресурстар мен жаңа технологиялар сабақ үдерісін анағұрлым тиімді әрі тартымды етеді.

– Біздің мектепте бір ауысымда екі мыңнан аса оқушы білім алады, бұл – оқу орнының ең басты артықшылығының бірі. Түстен кейін түрлі қосымша үйірмелер жұмыс істеп, балалар сабақтан соң осында қалып, тегін қосымша білім алу мүмкіндігіне ие. Биыл біз алғаш рет өз түлектерімізді үлкен жолға шығарғалы отырмыз, себебі былтыр бітіруші сыныптар болмаған. Енді сол шәкірттерімізге сенім артып, олардың үмітімізді ақтайтынына зор сенім білдіреміз, – деді №19 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Гүлдана Асамиданова.

Мектепте өз ісіне берілген, кәсіби біліктілігі жоғары ұстаздар қызмет етеді. Солардың қатарында небары 19 жасында үлкен жауапкершілікті мойнына алған математика пәнінің мұғалімі Аяулым Данияр да бар. Жас маман аз уақыт ішінде оқушылардың логикалық ойлауын дамытып, пәнге қызығушылығын арттыру бағытында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Оның еңбекқорлығы мен жаңашыл әдістемесі әріптестерінің де, шәкірттерінің де жоғары бағасына ие.

– Біздің мектеп гуманитарлық бағытта, «Тұлғатану» жобасы аясында жұмыс істейді. Бұл – ізгілікке негізделген білім ордасы. Жас маман ретінде еңбек жолымды дәл осы мектептен бастағаныма өте қуаныштымын. Мұнда тек оқушыларға ғана емес, ұстаздарға да барлық жағдай жасалғаны байқалады. Осындай қолдауы мықты ортада жұмыс істеу мені шабыттандырады, алдағы уақытта елге еңбегі сіңетін тұлғаларды тәрбиелеуге бар күшімді саламын, – дейді математика пәнінің мұғалімі Аяулым Данияр.

Сабақтан тыс уақытта оқушылар түрлі үйірмелерге қатыса алады: шахмат, би, қазақ күресі, вокал, робототехника, тоғызқұмалақ, көркем сөз өнері және тағы басқалары. Жақында ұлттық құндылықтарды насихаттау және өнерді дамыту мақсатында жыршы-жыраулар үйірмесі де ашылды. Мектеп балалар үшін рухани және мәдени дамуға жол ашатын шығармашылық орталыққа айналған.

– Мектептен оқушылардың кеткісі келмейді. Түстен кейін олардың көбісі дәл осы оқу орнында уақыт өткізеді. Үйірмелерге сұраныс өте жоғары, сондықтан балаларды арнайы топтарға бөліп, кезекпен отырғызамыз. Жалпы, 2 000-нан астам оқушыға қосымша үйірмелер ашылса, бұл оқу процесіне керемет мүмкіндік қосар еді, – деп атап өтті мектеп директоры.

– Мектепте оқып, дамуымызға барлық жағдай жасалған. Қазір біз қолдан сабын жасап жатырмыз. Осындай түрлі жобалар арқылы уақытты қызықты әрі тиімді өткіземіз, –дейді 8-сынып оқушысы Кәусар Төрехан.

Қарағанды облысында жыл соңына дейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа білім ошағы іске қосылмақ. Мамандардың айтуынша, бұл өңірдегі мектеп жетіспеушілігі мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»