Еркебұлан Қанапин – Токиодағы Сурдлимпиада чемпионы
Қазақстан құрамасының мүшесі, теміртаулық дзюдошы Еркебұлан Қанапин Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиадада алтын медаль жеңіп алды. Ол 81 келіге дейінгі салмақта финалда венгриялық Патрик Отвошты таза жеңіспен ұтып, чемпион атанды. Спортшыны Сергей Дмитренко жаттықтырады.
Еркебұланның бұл жеңісі – оның ұзақ жылдық еңбегінің жалғасы. Ол 2022 жылы Бразилияда өткен Сурдлимпиадада алтын, 2023 жылы Азия–Тынық мұхиты чемпионатында бірінші орын, ал 2024 жылы Түркістандағы әлем чемпионатында қола және командалық алтын медаль иеленген.
Токиодағы жарыста Қарағанды облысынан таэквондо және жүзу спортшылары да өз бақтарын сынап жатыр. Биылғы Сурдлимпиадаға 81 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысуда. Қазақстан 78 атлетпен сегіз спорт түрінде жарысуда.

