Ауылдан – үлкен аренаға
Алматыда өткен республикалық «AUYL SPORT – 2025» турнирі биыл ауыл спортын жаңа деңгейге көтерген айтулы додасына айналды. Елдің түкпір-түкпірінен 1700-ге жуық ауыл баласы жиналып, спорттың бірнеше түрінен өзара мықтыны анықтады. Бұл – ауыл жастары үшін кәсіби спортқа бастар үлкен мүмкіндік екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Қарағанды облысы да бұл жолы алғаш рет атсалысып, өңір намысын алты спортшы қорғады. Соның ішінде Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылында оқитын жас боксшы Батухан Ысқақ тартысқа толы бәсекеде III орын алып, өңірге олжа салды.
Спорттық іріктеу кезеңдері биыл ауылдық округтерден басталып, аудан, облыс бойынша үздік шыққан балалар республикалық деңгейге жолдама алды. Қарағанды облысындағы іріктеуде Бұқар жырау ауданынан – бес, Қарқаралы ауданынан – бір спортшы финалға жолдама иеленген.
«AUYL SPORT» жобасының басты мақсаты – ауыл жастарына спорт арқылы жаңа мүмкіндік ашу, дарынды балаларды анықтап, оларды кәсіби деңгейге дайындау. Жобаның ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Турнир биыл бокс, еркін күрес, үстел теннисі, шахмат, волейбол, баскетбол және каратэ секілді бірнеше спорт түрін қамтыды.
Батухан Ысқақ – ауылдағы қарапайым мектеп оқушысы. Алайда оның қайсарлығы мен еңбекқорлығы оны мыңдаған қатысушы арасынан ерекшелендіріп тұрды.
– Турнир деңгейі өте жоғары болды. Қазақстанның барлық өңірінен мықты спортшылар келді. Жүлде алғаныма қуаныштымын. Бірақ ең бастысы мол тәжірибе жинадым. Болашақта халықаралық аренада топ жарғым келеді, – деді.
Жас спортшының бапкері Серғазы Кенжебергенұлы шәкіртіне үлкен сенім артатынын жеткізді:
– Ауылда жаттығып жүріп, осындай деңгейдегі додаға қатысу үлкен еңбектің нәтижесі. Батухан – еңбекқор, алғыр бала. Бұл жүлде оның алғашқы биігі ғана. Мұндай жетістік ауылдағы басқа балаларға да мотивация береді, – деді бапкер.
«AUYL SPORT – 2025» турнирі елдегі ауыл инфрақұрылымын дамытудың, спорттық әлеуетті көтерудің нақты жолы. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кәсіби спорт мектептеріне жол ашылады, үздік қатысушылар ұлттық құрамаларға дейін іріктелуі мүмкін.
Жоба аясында соңғы жылдары ауылдан шыққан бірнеше жас халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүр. Бұл аталмыш бағдарламаның тиімділігінің нақты дәлелі.
Өңір спортшыларының биылғы қатысуы алғашқы тәжірибе. Соған қарамастан, үшінші орын иелену Қарағанды облысы үшін үлкен мәртебе. Бұл ауыл спортын дамытудағы жаңа белестің басталғанын көрсетеді.
«AUYL SPORT – 2025» турнирі – ауыл баласының арманы орындалатын алаң. Батухан Ысқақтың жеңісі – мыңдаған ауыл жасының үмітін оятқан жарқын оқиға. Ең бастысы – бұл турнир ауыл спортын дамытудың, жаңа чемпиондар тәрбиелеудің сенімді баспалдағына айналып келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

