Жас ғалымға жол ашқан жеңіс
Қарағанды қаласындағы №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Азиз Басқар Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасында күміс жүлдеге ие болды. Зияткерлік дода биыл Ұлытау өңірінде өтіп, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінен келген жүзден астам жас химиктерді бір алаңға тоғыстырды.
Байқау барысында қатысушылар білімдерін теориялық және тәжірибелік кезеңдерде сынап, өздерінің ғылыми ойлау қабілеті мен зертханалық шеберліктерін көрсетті.
– Олимпиаданың тапсырмалары орташа күрделілікте болғанымен, мазмұны ерекше қызықты әрі ойлануға жетелейді. Азизге ең ұнаған бөлігі тәжірибелік тур. Бұл кезеңде қатысушыларға әртүрлі реагенттерді сапалық талдау тәжірибесі ұсынылды. Азиз бұл тапсырманы жоғары дәлдікпен орындап, өз білімін нақты іспен дәлелдеді, – дейді №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының химия пәнінің мұғалімі Назерке Білімхан.
Жас дарынның айтуынша, ол химия пәніне қызығушылығын жетінші сыныптан бастап дамыта бастаған. Сол кезден бастап Азиз түрлі ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға жүйелі түрде дайындалып, өзін осы бағытта жетілдіруге ден қойған.
– Олимпиадаға дайындық бір күннің немесе бір аптаның ісі емес. Мен мұғалімдерімнің көмегімен жүйелі дайындық жоспарын жасап, теорияны тәжірибемен ұштастыруға тырыстым. Бұл жетістік – ең алдымен, ұстаздарым мен отбасымның қолдауының арқасы, – дейді Азиз Басқар.
Бүгінде ол лицейдегі үздік оқушылардың бірі саналады. Мұғалімдерінің пікірінше, Азиздің басты ерекшелігі – табандылығы мен жаңа білімге деген шынайы қызығушылығы. Алдағы уақытта ол химия саласын терең меңгеріп, халықаралық деңгейдегі беделді университеттердің бірінде білімін жалғастыруды мақсат етіп отыр.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері халықаралық үлгідегі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Зияткерлік дода Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы, Ұлытау облысының білім басқармасы және The Ulytau Educational Foundation қорының ұйымдастыруымен өтті.
Мұндай олимпиадалар жастардың ғылыми әлеуетін арттырып, болашақ зерттеушілердің қалыптасуына үлкен серпін береді. Азиз сияқты дарынды оқушылардың табысы – еліміздегі сапалы білім берудің және ұстаз еңбегінің айқын көрінісі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

