Таза ел – саналы ұрпақтан басталады
Қазіргі қоғамда экологиялық мәдениет – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс ұғым. Табиғатты қорғау, қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаны таза ұстау – тек экология мамандарының емес, барша халықтың ортақ міндеті. Осы бағытта Қарағанды облысында қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы аймақ жастарының экологиялық санасын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.
Жоба облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен жүзеге асуда. Бастаманың басты мақсаты – мектеп оқушыларына экологиялық білім беріп қана қоймай, табиғатты аялау мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыру.
3-5 қараша аралығында Шахтинск пен Саран қалаларындағы мектептерде экологиялық сабақтар мен интерактивті тренингтер өтті. Бұл шараға аймақ бойынша 30 мектептен шамамен 1 500 оқушы қатысты. Сабақ барысында балалар қалдықтардың түрлері, олардың табиғатқа әсері, қайта өңдеу жолдары туралы жан-жақты мағлұмат алды.
Оқушылар тек тыңдаушы емес, белсенді қатысушы рөлін де атқарды. Олар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау тәсілін іс жүзінде орындап, мектеп аумағында тазалық шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар, табиғатты қорғауға арналған ұрандар мен бейнероликтер дайындап, әлеуметтік желілерде экологиялық мәдениетті насихаттауға атсалысты.
Шахтинск қаласындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Ангелина Полежаева өз ойымен бөлісіп:
– «Біз үшін бұл жоба үлкен тәжірибе болды. Енді біз табиғатты қорғау өзімізден басталатынын түсіндік. Қаламызды таза ұстау – әр тұрғынның борышы», – дейді ол.
Жас буынның осындай белсенділігі жобаның басты жетістігі деуге болады. Себебі табиғатты қорғау – сана мен мәдениеттен басталады.
«Таза Қазақстан» жобасы – жай ғана сенбілік немесе бір реттік акция емес. Бұл – қоғам санасына өзгеріс әкелуді мақсат еткен ұзақ мерзімді бастама. Әрбір мектепте қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы жәшіктер қойылып, оқушылар мен мұғалімдерге экологиялық білім беретін арнайы сабақтар енгізілуде.
Бастама аясында ұйымдастырылған «Бөл, тапсыр, қайта өңде!» жобасы үлкен қызығушылық тудырды. Бұл бағдарлама оқушыларды тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға үйретіп қана қоймай, қайта өңдеудің экономика мен экологияға тигізер оң әсерін ұғындыруға бағытталған.
Маман пікірінше, мұндай шаралар балалардың экологиялық мәдениетін ерте жастан қалыптастырып, өмір бойы сақталатын әдетке айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл болашақта экологиялық сауатты, жауапкершілігі жоғары ұрпақтың қалыптасуына негіз болмақ. Сонымен қатар, жоба аясында өңір кәсіпорындары мен қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытып отыр. Олар экологиялық жобаларды қаржылай қолдап, оқушыларға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Бұл – мемлекеттік, қоғамдық және жеке сектордың бірлескен еңбегінің нақты көрінісі.
Қарағанды облысында бастау алған бұл бастама өз нәтижесін беріп келеді. Мектеп оқушыларының белсенділігі, ұстаздар мен ата-аналардың қолдауы арқасында экологиялық мәдениетке негізделген жаңа ұрпақ қалыптасып жатыр.
Мұндай жобалар еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі болары анық. Себебі «таза қоғам» мен «таза табиғат» – егіз ұғым. Табиғатты аялау арқылы біз өз болашағымызды сақтаймыз.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

