Қауіпті жолдар тізімінде: Қарағанды аумағы екінші орында

Қазақстандағы ең қауіпті жолдардың бірі – Қарағанды облысы арқылы өтетін тас жол екінші орынға шықты. Tengri Auto хабарлауынша, «Қазавтожол» компаниясының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың тоғыз айында Астана-Қарағанды-Алматы бағытындағы жолда 85 адам жол-көлік оқиғасында қаза тапқан.

«Қазавтожол» жол-көлік оқиғаларына қатысты деректерді тұрақты түрде бақылап, апат карталарын жасайды. Бұл карталар қайталанатын оқиғалар орын алатын учаскелерді анықтап, қауіпсіздік шараларын жоспарлауға мүмкіндік береді. Ең қауіпті автожол ретінде көш бастап тұрған – Ресей шекарасы-Ақтөбе-Шымкент бағытындағы жол (109 адам қайтыс болған).

Көлік министрлігі жолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олардың шараларының қатарында – қауіпті учаскелерді қайта жаңғырту, жол белгілері мен сызықтарын жаңарту, ереже бұзушылықтарды автоматты тіркеу жүйелерін орнату, сондай-ақ жүргізушілерді ауа райы мен жол жағдайы туралы ескерту жұмыстары бар.

Жүргізушілерге жолдағы қауіп-қатерге аса мән беру және жылдамдықты сақтап, жол ережесін қатаң орындау ұсынылады.