Заң мен халық арасындағы көпір: «Халық заңгері» акциясы Қарағандыда өтті
Қарағандыда тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында дәстүрлі «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті. Елдің барлық өңірінде бір мезгілде ұйымдастырылған шара халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Алаңда адвокаттар, прокурорлар, сот сарапшылары мен түрлі мемлекеттік орган өкілдері бас қосып, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында өткен жиында тұрғындарға әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, еңбек қатынастары және отбасы құқығына қатысты тегін кеңестер ұсынылды.
Қарағанды облысының Әділет департаменті басшысының орынбасары Данияр Байдильдиннің айтуынша, акцияның басты мақсаты – әрбір азаматтың өз құқығын білуіне және оны қорғау тетіктерін дұрыс пайдалануына мүмкіндік беру.
«Бүгінгі шарада бізге қойылған барлық сұрақтар тіркеліп, әрқайсысы бойынша жұмыс жүргізіледі. Кейбір мәселелер бірден шешілсе, күрделі сұрақтар бойынша азаматтарға нақты бағыт беріледі», – деді ол.
Акция барысында ең көп қойылған сұрақтардың бірі – жер дауына қатысты болды. Бұл бағытта қатысушыларға жер қатынастары, меншік құқығы және рәсімдеу тәртібі бойынша нақты түсініктемелер берілді. Тұрғындар мұндай кездесулер жиі ұйымдастырылса деген тілек білдірді.
Зейнеткер Жамантай Ысқақов шараның тиімділігін ерекше атап өтті:
«Мен бүгін жер мәселесіне қатысты сұрақ қойдым, бірден жауап алдым. Осындай акциялар жиі өтсе жақсы болар еді. Бір жерде отырып бірнеше маманнан кеңес алу – өте қолайлы», – деді ол.
Құқықтық кеңес берушілердің айтуынша, тұрғындардың көбі өз құқықтарын білмегендіктен қиын жағдайға тап болады. Сондықтан бұл акцияның маңызы жыл өткен сайын артып келеді.
Облыс бойынша 2016 жылдан бері «Халық заңгері» жобасына 10 мыңнан астам үздік сарапшы мен мемлекеттік орган өкілі қатысқан. Осы уақыт аралығында 400 мыңнан астам азамат тегін құқықтық көмек алған.
Мамандардың пікірінше, мұндай шаралар тек құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Ал ең бастысы – әр азаматтың өз мәселесін бейбіт, заңды жолмен шешуге мүмкіндік береді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

