Халықаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Ұлыбританияның Exeter университеті өзара әріптестікті дамыту мәселесін талқылады. Кездесу Астанада өткен форум аясында әріптестік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін өтті.
Қол қойылған келісім білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Exeter университетінің делегациясын жаһандық өзара іс-қимыл жөніндегі проректордың орынбасары Стюарт Берхоп бастап келді.
Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздер барысында «Тау-кен ісі» және «Геология» бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және қос дипломды оқу жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.
Университет өкілдерінің айтуынша, бұл кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыруға және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жоғары білім беру саласындағы серіктестік байланыстарды кеңейтуге серпін береді.
«ҚарТУ үшін мұндай ынтымақтастық әлемдік тәжірибені меңгеруге, заманауи инженерлік білім беруді дамытуға және студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік ашады», – делінген хабарламада.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

