Сарбаздар білім гранттарына ие болды
Қарағандыда Әуе қорғанысы және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің әскери бөлімдерінен мерзімді қызмет атқарған сарбаздардың запасқа шығуына арналған салтанатты шаралар өтті. Биыл 250-ден астам сарбаз өз әскери борышын адал және абыройлы орындап, қызметін тәмамдады.
Салтанатты жағдайда, командирлер мен әріптестердің қатысуымен, алғысхаттар мен жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын табыс ету рәсімі өтті. Қызметте үздік көрсеткіштері, жоғары тәртіп деңгейі және әскери міндеттерін үлгілі орындағаны үшін 12 әскери қызметкер Қорғаныс министрлігінен білім гранттарына ие болды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінде бес сарбаз сертификатты бөлім командирінен алды, ал Әуе қорғаныс күштерінің бөлімінде – жеті әскери қызметкер.
– Әскери қызметке шақырылған сәттен бастап, бұл менің басты мақсатым болды. Сол себепті бүкіл жыл бойы атыс, физикалық және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша үздік нәтиже көрсетуге тырыстым. Командирлерге көмектескендері үшін алғыс айтамын және Қорғаныс министрлігіне осындай мүмкіндік бергені үшін ризамын, – деді сертификат иегері, сарбаз Ярослав Серяков.
Грант иегерлерінің арасында өз болашағын әскери салаға арнауды шешкендер де бар. Сарбаз Руслан Жорабаев бала кезінен әскери қызметкер болуды армандағанын және енді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түсуге жоспарлап отырғанын айтты.
– Қызметтің әр күні менің арманымды одан әрі күшейтті. Оның үлкен жауапкершілік екенін түсіне отырып, күн сайын дайындалдым, сынақтардан сәтті өттім және енді әскери мансапта келесі қадамға көшемін, – дейді қатардағы жауынгер Руслан Жорабаев.
Қорғаныс министрлігінің осындай бастамалары жастардың білімге деген ұмтылысын қолдап қана қоймай, қызметті жоғары деңгейде атқаруға ынталандырады. Алынған гранттар кеше ғана әскери қызметтен шыққан сарбаздарға кәсіби және жеке дамуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

