Киберқылмысқа тосқауыл: «Hi-Tech» жедел-алдын алу шарасы

Қарағанды облысында интернет-алаяқтықпен күрес күшейтілді. 3-5 қараша аралығында өңірде «Hi-Tech» атты жедел-алдын алу шарасы өтті. Оның басты мақсаты –ақпараттық жүйелер саласындағы қылмыстарды анықтау, жолын кесу және алдын алу.

Полиция дерегінше, жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 2 400-ге жуық фактісі тіркелген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысқа барлық тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Учаскелік инспекторлар үйлерді аралап, тұрғындарға интернеттегі алаяқтық түрлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық буклеттер таратты.

Сонымен қатар полицейлер колледждер мен жоғары оқу орындарында студенттермен кездесулер өткізіп, банк шоттарын алаяқтарға пайдалануға берген адамдарға қатысты Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа бапты түсіндірді.

Қарағанды облысының Полиция департаменті мәліметінше, ІІМ Украина аумағынан қазақстандықтарға қоңырау шалып келген үш колл-орталықты анықтаған. Сондай-ақ аймақта қоңырауларды Қазақстан нөмірлерінен шыққандай етіп көрсететін 9 арнайы құрылғы тәркіленді.

Киберқылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Дінмұхаммед Зияданың айтуынша, тұрғындар күмәнді қоңырауларға сенбеуі және бейтаныс адамдарға жеке деректерін бермеуі тиіс.

«Егер телефондарыңызға банктен немесе құқық қорғау органынан хабарласқандай күмәнді қоңырау түссе, әңгімені жалғастырмаңыз. Бұл жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласу қажет», – дейді ол.

Полицейлер өңір тұрғындарын киберқылмыскерлердің айла-тәсілдеріне сақ болып, ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»