Қарағанды өңірінің ұстаздары республикалық байқауда үздік атанды

Қазақстанда «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының қорытындысы жарияланып, еліміздің 64 мұғалімі мәртебелі атаққа ие болды. Олардың қатарында Қарағанды облысының екі бірдей ұстазы бар. Жеңімпаздарға 1 000 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 4 млн теңге) көлемінде сыйақы табысталды.

Қарағанды облыстық білім басқармасының мәліметінше, биылғы байқауда өңір намысын абыроймен қорғаған педагогтер:

Гүлжан Әлібаева – Шет ауданының Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер;

Меруерт Қабылова – Қарағанды жоғары «Bolashaq» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші.

Марапаттау рәсімі Астанада өтті. Жеңімпаздарға марапаттарды ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыс етті. Биыл байқау үш кезеңнен тұрды – аудандық, облыстық және республикалық. Конкурсқа республика бойынша шамамен 1 500 педагог қатысып, оның 174-і финалға жолдама алған.

– Әлі де ерекше әсердемін. Еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын. Байқау аясында Астанада халықаралық университеттің педагогикалық колледжінде ашық сабақ өткіздім, – дейді Меруерт Қабылова. – Білім саласында 22 жылдан астам еңбек етемін, оның 10 жылын мектепте, соңғы 12 жылын «Bolashaq» колледжінде өткізіп келемін. Қазір тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарамын. Республикалық деңгейде қорғаудан өткен әдістемелік құралым және халықаралық педагогикалық идеялар жәрмеңкесінде алған жүлдем бар.

«Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және ұстаздардың кәсіби беделін арттыруды мақсат етеді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»