Жастардың жарқын жеңісі

Қарағанды футболының жаңа буыны тағы бір жарқын жетістікке қол жеткізді. Биылғы маусымда «Шахтер-Ж» командасы Екінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде екінші орын алып, күміс медальға ие болды. Бұл дивизионда еліміздің кәсіби клубтарының жастар құрамы бақ сынайды.

Жастардың бұл табысы қарағандылық футбол мектебінің әлеуетін айқын көрсетіп, жергілікті жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады. Маусым қорытындысы бойынша Қарағандыда арнайы марапаттау рәсімі өтіп, онда футболшылар мен жаттықтырушылар құрметке бөленді.

Салтанатты шараға облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қатысып, жас спортшыларды лайықты нәтижемен құттықтады.

– Сіздерді күміс жүлдемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еңбектің, табандылықтың және командалық рухтың жемісі. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратыныңызға сенемін. «Шахтерге» жаңа инвестордың келуімен нәтиже одан әрі жақсарып, қарағандылық футбол жаңа деңгейге көтеріледі, – деді Серік Сәпиев өз сөзінде.

Команданың бас жаттықтырушысы Андрей Финонченко да шәкірттерінің маусым бойғы тұрақты ойынына жоғары баға берді.

– Біз екінші орынды иелендік, бірақ әрқашан бірінші болуды мақсат етеміз. Балалар жанкештілік танытып, өз мүмкіндіктерін толық көрсетті. Енді негізгі міндетіміз – «Шахтердің» басты командасына жас ойыншыларды даярлау. Қараша айында жаңа маусымға дайындықты бастаймыз. Мақсатымыз чемпион атану, – деді ол.

Қарағанды облысында футболдың дамуына соңғы жылдары ерекше көңіл бөлініп келеді. Спорт басқармасының мәліметінше, аймақта 32 мыңнан астам адам футболмен тұрақты түрде айналысады, олардың 10 мыңнан астамы ауылдық жерлердің өкілдері. Қазіргі таңда өңірде жүзден астам команда құрылып, үш заманауи жабық манеж пен 160-тан астам футбол алаңы жұмыс істейді.

Бұған қоса, жастар спортына серпін беретін жаңа бастамалар қолға алынған. Мәселен ALGA! атты пилоттық жоба аясында облыстағы он мектепте футбол сабақтары енгізілді. 2029 жылға дейін жасанды жабыны бар он шағын форматты алаң салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, заманауи футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр. Бұл орталық болашақта «Шахтердің» негізгі құрамына талантты ойыншыларды тәрбиелейтін басты базаға айналмақ.

Жаңа бағдарламалар нәтижесінде 40 мыңнан астам оқушы мен үш мыңнан аса студент футболмен жүйелі түрде шұғылдану мүмкіндігіне ие болады деп күтілуде.

Қарағанды футболы жаңа буынға жол ашқан жоба. «Шахтер-Ж» ұжымы дәл осы сенімді ақтап, өңір спортының өрлеу дәуірін жалғастырып келеді. Келесі маусымда қарағандылықтар чемпиондыққа ұмтылатынына жанкүйерлер де, бапкерлер де сенімді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»