Қарағанды студенттеріне АҚШ магистратурасына жаңа мүмкіндік
Әлемдік деңгейдегі білімге жол ашылды. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері енді АҚШ-тың әйгілі Duke университетінде магистратурада оқу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жоба Берік пен Баян Қаниевтердің қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Кездесуде студенттерге Қаниевтер қоры ұсынған, Duke университетінің Фукуа бизнес мектебінде оқуға ниет білдірген қазақстандықтарға арналған алғашқы мерзімсіз грант туралы ақпарат берілді. Бұл бастама тек Қазақстан үшін ғана емес, посткеңестік аймақ үшін де ерекше маңызға ие. Бағдарламаны студенттерге белгілі қоғам қайраткері Бақыт Оспанов таныстырып, шәкіртақы елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті.
– Біздің студенттер үшін бұл бастама ерекше қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Болашақта түлектер осы байқауға қатысып, АҚШ-тың үздік он университетінің бірі – Duke университетіне оқуға түсуге мүмкіндік алады. Сондықтан біз оны өз университетіміздің дарынды студенттері үшін үлкен мүмкіндіктің бірі деп есептейміз, – деді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Тимур Қанапиянов.
Шәкіртақы Duke университетінде білім алуға қажетті барлық шығындарды өтейді. Бұл университет әлемнің ең беделді он жоғары оқу орнының бірі болып есептеледі және ондаған Нобель сыйлығының лауреаттары түлеп ұшқан.
– Бұл ақпарат барлық студенттерге, әсіресе АҚШ-қа оқуға түсуге ниет білдіргендерге өте пайдалы. Мұндай кеңес алу – тамаша мүмкіндік. Біз байқаудың ашық екенін және кез келген студенттің өтінім бере алатынын білдік. Бұл шетелде білім алып, Қазақстанды әлемдік академиялық аренада таныстыруға мүмкіндік беретінімен шабыттандырады, – дейді студент Әмір Урстенов.
– Бұл шәкіртақы жылына шамамен жүз мың АҚШ долларын құрайды және барлық шығынды қор өз мойнына алады. Сондықтан мен баршаңызды мұқият болуға шақырамын – мұндай мүмкіндіктер біздің жастар үшін өте маңызды әрі қажет, – деп атап өтті Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Әділ Упабеков.
Қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен ұйымдастырылған кездесуде бизнес, қоғам және мемлекет күш-жігерін елдің болашағы үшін біріктірудің нақты үлгісі көрсетілді. Әділ Упабековтің айтуынша, бұл шара – сондай ынтымақтастықтың маңызды мысалы. Сонымен қатар, жақында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті студенттер мен оқытушыларды қолдау және оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында эндаумент қорын құруды жоспарлап отыр.,
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

