Өңір спортшыларына құрмет көрсетілді

Қарағанды облысында спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген үздік спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды. Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында өткен салтанатты шара өңір спортшыларының еңбегін бағалау мен жаңа жеңістерге жігерлендіру мақсатында ұйымдастырылды.

Марапаттау рәсімінде халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға облыс әкімінің Алғысхаттары мен арнайы сыйлықтары табысталды. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев спортшыларды құттықтап, олардың қажырлы еңбегіне жоғары баға берді.

– Барша спортшыны жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір жеңістің артында маңдай тер мен табандылық жатыр. Сіздердің көрсеткіштеріңіздің арқасында Қарағанды спорты жаңа биіктерге көтеріліп келеді. Әр спортшының артында үлкен еңбегі бар жаттықтырушылар тұр. Сол кісілерге де алғыс айтамын, – деді Серік Сәпиев.

Шара барысында өңірдің мақтанышына айналған жеңіл атлет Руфат Хабибуллин мен оның жаттықтырушысы Сергей Безгачаев, ММА спортшысы Егор Желтов пен оның бапкері Дмитрий Ермолаев облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Сондай-ақ, халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғаған таэквондошылар да құрметке бөленді.

Мұндай шаралар аймақтағы спорт саласын дамытуда үлкен рөл атқарады. Бұл – спортшылардың еңбегін мойындап, рухын көтеретін, болашақ жарыстарға жігер беретін маңызды дәстүр. Сонымен қатар, жас буынға үлгі боларлық спортшыларды дәріптеу арқылы облыс тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын насихаттау ісіне серпін береді.

Қарағанды облысы соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын жаңғырту, балалар мен жасөспірімдерге арналған секциялар санын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы шара соның айқын дәлелі. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы үздік спортшыларды марапаттау арқылы өңірдің спорт саласындағы жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, олардың еңбегіне қоғам назарын аударды.

Марапат иелерінің айтуынша, бұл құрмет – жаңа жеңістерге бастайтын үлкен мотивация. Спортшылар өздерінің табыстарын ел намысы үшін төгілген тер деп біледі.

Қарағанды облысында өткен бұл салтанатты рәсім – аймақ спортшылары мен бапкерлерінің табандылығы мен еңбегін мойындап, өңір спортының болашағына деген сенімді арттырған маңызды жайт. Спорт – ел абыройының айнасы, ал мұндай құрмет – сол айнадағы жарқын бейнені айқындай түсері сөзсіз.

Ералы ҒАНИ,

«QH»