Жүргізушілікке жол ашық

Қарағандыда заманауи талаптарға сай келетін жаңа автодром пайдалануға берілді. Бұл нысан тек жүргізушілерді оқыту алаңы ғана емес, өңірдегі көлік жүргізу мәдениеті мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды орталыққа айналмақ.

Жаңа автодромның басты артықшылығы – енді қоғамдық жолаушылар көлігін жүргізушілер арнайы оқудан өтіп, аттестациядан қаладан шықпай-ақ өте алады. Бұған дейін мұндай сынақтардан өту үшін жүргізушілерге Астана қаласына баруға тура келетін. Бұл уақыт пен қаражатты үнемдеуге, өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартуға үлкен мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта осы нысанның базасында мамандандырылған авто ХҚКО ашу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқанда тек D санаты емес, барлық санаттағы жүргізуші куәліктерін алуға мүмкіндік туады. Яғни автокөлік мектебіндегі теориялық сабақтар мен практикалық жаттығулардан бастап, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін алу рәсіміне дейінгі барлық үдеріс бір жерде өтетін болады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттырып, жүйені барынша ыңғайлы етеді.

Жаңа автодром – еліміздегі қауіпсіздік пен практикалық оқытуға қойылатын барлық заманауи стандарттарға сәйкес келетін жалғыз нысан. Оның жалпы аумағы 12 677 шаршы метрді құрайды. Мұнда толыққанды оқу және емтихан өткізуге қажетті барлық жағдай жасалған: асфальт төселіп, жиектастар қойылған, жол белгілері орнатылып, таңбалар сызылған.

Сонымен қатар емтихандық сынақтарға арналған арнайы эстакада қарастырылған. Ол жүргізуші болуға үміткерлердің дағдыларын барынша шынайы жағдайда тексеруге мүмкіндік береді. Автодромда дайындық барысы нақты жол қозғалысына барынша жақындатылып, болашақ жүргізушілердің тәжірибесін арттыруға басымдық берілген.

Жаңа нысанның іске қосылуы – өңірдегі жүргізушілерді даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Бұл бастама жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге, білікті жүргізушілер қатарын арттыруға, сонымен бірге өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етпек.

Ералы ҒАНИ,

«QH»