Қарағанды облысының 84 мектебі сапалы білім жобасына қосылды

Қарағанды облысында білім сапасын арттыруға бағытталған «Мақсатты мектептер» жобасы аясында 84 мектеп іріктелді. Бұл туралы өңір педагогтарының қатысуымен өткен кеңесте мәлім болды.

Облысымызда білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған кеңес өтті. Басқосуға аудан мен қала мектептерінің мұғалімдері, әдіскерлер және білім бөлімдерінің басшылары қатысты. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, өңірде білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.

– Біздің басты мақсатымыз – өңірдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеру. Бұл үшін мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасап, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса мән беріп отырмыз. Білім – қоғам дамуының өзегі, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Қарағанды облысында педагогтардың кеңейтілген отырысы өтіп, онда заманауи «Мақсатты мектептер» жобасын дамыту мәселесі талқыланды. Мамандардың айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 400-ден астам орта білім беру ұйымы осы жоба аясында жұмыс істеп жатыр. Соның 89-ы Қарағанды облысына тиесілі.

– Қазіргі таңда мақсатты мектептер қатарына кіретін 84 білім ошағының мұғалімдері арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Ал мақсатты емес мектептер де бұл үдерістен қалыс қалып жатқан жоқ. Біз «Өрлеу» әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге бағытталған курстарды жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Дегенмен кейбір мектепте бос директорлық лауазымдар жиі ауысып отырғаны – өзекті мәселе. Басшылардың алты ай сайын өзгеруі ұжымның тұрақтылығына әсер етіп, білім сапасының төмендеуіне әкеліп отыр, – дейді Қарағанды облыстық білім басқармасы, оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова.

«Мақсатты мектептер» жобасы аясында өткен Алқа мәжілісінде педагогтар білім саласындағы өзекті бағыттарды талқылап, алдағы жоспарлы жұмыстарды нақтылады. Жиында өңірдегі мектептердің даму басымдықтары мен білім сапасын арттыру тетіктері кеңінен сөз болды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»