«Сағынышым төрге шықшы, келші, өлең!»
Қарағанды қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сұлтан Дәулетханұлының шығармашылық кеші өтті. «Сағынышым, төрге шықшы, келші, өлең!» деп аталған бұл рухани шара қаланың әдеби өмірінде елеулі оқиғаға айналды. Кешке өлең сүйер оқырман, әдебиет пен өнер саласының өкілдері, жас ақындар мен мәдениет жанашырлары қатысты.
Кеш шымылдығы ақынның өз даусымен жазылған «Келші, өлең!» бейнеролигімен түрілді. Зал толы көрермен тыныштала қалып, экраннан төгілген әр сөздің астарындағы сағыныш пен шабытты сезінді. Бұл сәт кештің жалпы рухын айқындап, поэзия әлеміне жол ашқандай әсер қалдырды.
Ақын өз шығармашылығынан «Мен туған күн», «Тартыс», «Тал бесік» секілді терең мазмұнды өлеңдерін оқып, әр туындының арқауындағы өмір шындығы мен ішкі толғанысын баяндады. Өлеңдерінің өзегінде туған жерге деген махаббат, ата-анаға құрмет, сағыныш пен уақыт тақырыбы айқын сезілді.
Кеш барысында ақынның шығармаларын жас өнерпаздар да оқып, жыр әлеміне өздерінің ерекше үнін қосты. Арайлым Жүкенова ақынның анасына арналған «Дұға» өлеңін жүрекпен жеткізсе, «Мирас» өнер мектебінің шәкірттері «Біз Мирас өреніміз» әнін орындап, сахна көркін аша түсті. Сондай-ақ «Әкелер» әні шырқалып, көрерменнің көзін жасқа, көңілін нұрға бөледі.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Сұлтан Дәулетханұлының жаңа жыр жинағының тұсаукесері болды. Бұл сәт ақынның шығармашылық жолындағы тағы бір белес ретінде есте қалды. Тұсаукесерге аймақтың белгілі ақындары мен мәдениет қайраткерлері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Сахна төрінде дәстүрлі әнші Саян Мұздыбайдың орындауындағы «Құс қанатындағы сағыныш» әні кештің рухын биікке көтеріп, көрерменнің жүрегінде терең әсер қалдырды. Өлең мен әннің үйлесімі поэзияның мәңгілік қуатын тағы бір дәлелдеді.
Сұлтан Дәулетханұлының шығармашылығы – қазақ жанының айнасы, ұлттық рух пен адамдық ізгіліктің көрінісі. Оның поэзиясы – өткен мен бүгінді, арман мен сағынышты, өмір мен өлім арасындағы нәзік байланыстарды жыр тілімен өрнектейді.
Шығармашылық кеш ақынның поэзияға, руханиятқа, адам жанының терең қатпарларына деген құрметінің айғағы болды. Көрермен көңілінен шыққан бұл кеш Қарағандыдағы мәдени өмірдің ең жарқын оқиғаларының бірі ретінде есте қалды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

