Қарапайым еңбек – үлкен құрметке лайық

Қарағандылық Михаил Паршн 15 жылға жуық уақыт бойы адал еңбегімен ел игілігіне үлес қосып келеді. Ол – «Қарағанды Су» ЖШС-нің аға инженері. Күн сайынғы тынымсыз тірлігі қарапайым көрінгенімен, қала тұрғындарының жайлы өмірі дәл осындай еңбек адамдарының арқасында қамтамасыз етіледі. Михаил үшін еңбек – тек міндет емес, өмірлік ұстаным.

Михаил Паршн 2009 жылдан бері табанды еңбекпен айналысып, қарапайым жұмыс ортасында өзін көрсетті. Ол Қазақстанның бірнеше қаласында инженер-техник мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, қазіргі таңда «Қарағанды Су» ЖШС компаниясында қызмет атқарып келеді.

– Жұмысым маған өте ұнайды. Әрине, жолымда қиындықтар кездеседі, бірақ олар уақытша нәрсе. Егер өз мамандығыңа адал болып, бар күшіңді салсаң, ол міндетті түрде жақсы нәтижесін береді, – деді аға инженер Михаил Паршн.

Әріптестері арасында ерекше сенімге ие болған Михаил – өз ісінің нағыз маманы. Ол тапсырылған міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындайды және жұмысына деген ұқыптылығы мен кәсібилігімен ерекшеленеді. Мұндай қасиеттері оны командада бағалы әрі сенімді серіктес етеді.

– Қазіргі технология мен техниканың дамыған заманында, бұрыңғыдай инженерлер жүгіріп, қолмен жұмыс істеу азайды – бәрі автоматтандырылған. Осындай жағдайда Михаил сияқты білгір маманның болуы өте маңызды. Біз оған үлкен сенім артамыз, – дейді техникалық бақылаушы Александр Воробьев.

Михаил өз мамандығына терең берілген және осы салада ұзақ мерзімді еңбек етуге ниетті. Ол зейнет жасына дейін кәсіби деңгейін сақтап, тәжірибесін одан әрі арттыруды мақсат етіп отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»