Екі гол – үш ұпай! Шахтердің сенімді жеңісі
Қарағандылық «Шахтер» кезекті турда өз жанкүйерлерін қуантты. Команда Тараз футбол клубын 2:0 есебімен ұтып, бірінші лигадағы ұпай қорын толықтырды.
Ойынның алғашқы жартысында қос тарап тең дәрежеде өнер көрсетті. Қорғаныс пен ортаңғы алаңдағы тартыс шиеленісе түскенімен, гол соғылған жоқ. 22-минутта тараздық Мирас Жақсымбетов пен қарағандылық Айдос Тәттібаев сары қағаз алып, тартысты ойынның қызығы сол сәттен-ақ сезіле түсті.
Екінші тайм басталғаннан кейін қарағандылықтар басымдықты өз қолына алды. 51-минутта Аңсар Алтынхан есепті ашып, командасын алға шығарды. Ал 74-минутта Әлихан Исраилов тамаша шабуылды сәтті аяқтап, есепті еселеді – 2:0. Қалған минуттарда Шахтер ойынды толық бақылауда ұстап, қарсыласқа нақты мүмкіндік бермеді.
Соңғы турлар бірінші лигада да тартысты өтуде. Көш басында келе жатқан командалар арасындағы ұпай айырмасы азайып, маусымның шешуші кезеңі қыза түсті.
Қарағандылықтар бұл жеңіспен өз позициясын нығайтып, жоғары орындарға ұмтылыс жасауда. Өткен маусымдағы қиындықтардан кейін команда жаңарған құраммен жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Жас ойыншылардың белсенділігі мен тәжірибелі футболшылардың тұрақтылығы «Шахтердің» ойынына сенімділік әкелді.
Қарағанды футбол сүйер қауымы үшін бұл жеңіс үлкен демеу болды. Команда маусым соңына қарай қарқынын арттырып, Премьер-лига жолдамасы үшін күресуге нақты мүмкіндікке ие болып отыр. Турнирлік кестеде «Каспий Ақтау» командасы мен павлодарлық «Ертіс» 1-2 орындарды иеленіп Жоғарғы лига жолдамасын алып қойды. Соңғы жолдаманы иеленуге «Алтай» командасы мен жергілікті «Шахтер» клубы таласатын болады. Қазіргі ойын көрсеткіші мен командалық рухты ескерсек, «Шахтер» маусымды жоғары нотада аяқтайды деген сенім зор.
Ералы ҒАНИ,
«QH»