Қарағандылық ұстаз халықаралық ғылым фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетпек

Қарағанды қаласындағы Оқушылар сарайының «Кәусар» STEM-зертханасының педагогы Наталья Колчева республикалық «Science on Stage Kazakhstan 2025» байқауында жеңімпаз атанды. Ол жеті үздік ұстаздың қатарынан табылып, Қазақстанды 2026 жылы Литвада өтетін халықаралық Science on Stage Europe фестивалінде таныстыру құқығына ие болды.

Байқауда Наталья Колчева ерекше әрі қолжетімді жобасын – лэпбуктарды ұсынды. Бұл – түрлі-түсті мата қапталған, қалташалар мен карточкаларға толы үлкен форматтағы картон кітаптар. Лэпбуктар жаңа тақырыптарды меңгеріп, білім мен дағдыларды бекітуге арналған ыңғайлы құрал ретінде оқушылардың қызығушылығын арттырды.

– Бәрі тұрмыстық техниканың картон қораптарын пайдаға жаратудан басталды. Балалармен бірге бояп, суреттеп, қалташалар тігіп, ақпараттық карточкалар дайындадық. Нәтижесінде шығармашылықты дамытатын әрі оқу процесін жеңілдететін әдіс қалыптасты, – дейді педагог.

Лэпбуктар STEAM-оқыту форматына жатады. Бұл бағыт ғылым, техника, инженерия, өнер және математиканы қамтиды. Педагогтың айтуынша, қарапайым әрі қолжетімді материалдар балалардың қиялын ұштап, ойлау қабілетін дамытады.

– Байқаудағы басты талап – жобаның кез келген мектепте, тіпті ауылдық білім ордаларында да қолдануға қолайлы болуы. Сондықтан қымбат құрал-жабдықтарды қажет ететін жұмыстар іріктеуден өтпей қалды, – деп түсіндірді ұстаз.

Қазір Наталья Колчева халықаралық фестивальге дайындалып жатыр. Клайпеда қаласында өтетін басқосуда түрлі елдің үздік мұғалімдері өз тәжірибесімен бөлісіп, STEM және STEAM әдістерін оқу жүйесіне енгізудің жаңа жолдарын талқылайды. Фестивальде жеңімпаз бен жеңілген болмайды – басты мақсат бірлесіп дамуға бағытталған.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»