Заң бұзушылықтар анықталды

Қарағанды облысында 144 жетім бала тұрғын үй алу кезегіне мүлде қойылмаған. Бұл деректерді облыстық прокуратура жүргізген тексеріс барысында белгілі болды.

Қадағалау шаралары әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысы мен жалға берілетін пәтерлерді бөлу заңдылығын қамтыды. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды:

— сапасы талапқа сай емес пәтерлер сатып алынған;

— пәтерлерді бөлу үдерісі кешіктірілген;

— бюджетке 50 миллион теңгеден астам жалдау төлемдері түспеген;

— иесіз қалған 417 пәтерге қатысты шара қабылданбаған.

«Тұрғын үй беру тәртібінің бұзылуы салдарынан 144 жетім бала есепке алынбаған. Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде ұзақ уақыт бойы баспана күткен азаматтарға 298 пәтер берілді. Оның ішінде 82 пәтер жетім балаларға табысталды» деді Қарағанды облыстық прокуратурасының прокуроры Жалғасбек Қосанов.

Қарағанды әкімдігі қалада мұндай деректер тіркелмегенін мәлімдеді. Ал облыстық прокуратура нақты қай аудандарда заң бұзушылықтар анықталғанын ашып айтпады.