Студенттер кәсіби квестте өздерін болашақ маман ретінде сезінді
Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде Еңбек күні мен Жұмысшы мамандықтар жылына орай ерекше іс-шара – кәсіби квест ұйымдастырылды. Бірінші курсқа енді қадам басқан студенттер осы квест арқылы өздерін болашақ маман ретінде сезінуге мүмкіндік алды.
Жас талапкерлерге арналған квест олардың студенттік өмірге бейімделуіне, таңдаған мамандығына қызығушылығын арттыруға бағытталған. «Студент атанған алғашқы күндерінен-ақ жастар өздерін болашақ маман ретінде сезінді» дейді ұйымдастырушылар.
Мәселен, көлік технологиялық бөлімінде оқитын бірінші курс студенті Жайдар Жақан он сұрақтан тұратын тестте білімін дәлелдеп, нәтижесінде 90%-ына дұрыс жауап берген. Артынша ол автокөліктің тілін тауып, жасанды интеллект көмегімен ақауды анықтап, жөндеуге кірісті. «Автокөліктерді зерттеу және жөндеу бізге қызық. Мұндай сайыстар кәсіби дағдымызды арттырады», – дейді ол.
Кәсіби квестің ашылуы да ерекше өтті: арнайы ойындар арқылы студенттерге мұқияттықтың бұл сайыста қаншалықты маңызды екені көрсетілді. Колледждің серіктестері де шараның мәніне тоқталды. Студенттер өндірістік тәжірибені дәл осы компанияларда өткізеді.
-Колледжбен көп жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Білім алушылар өндірістік тәжірибеге келіп, көлік жөндеу мен жол-құрылыс техникасына қатысты дағдыларын шыңдайды. Мұнда заманауи өндірістік база бар. Студенттердің де білімі қалыптасқан. Бұл – сол білімді өз техникамызға бейімдеп қолдануға айтарлықтай мүмкіндік береді, – дейді серіктес компанияның кадрларды оқыту және дамыту бөлімінің жетекшісі Александр Панков.
Көлік технологиялық бөлімінің арнайы пән оқытушысы Абай Абзал да квесттің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар жастарға өз мамандығын сезінуге және кәсіби бағытында дамуға серпін береді.
Колледж директоры Жанар Рахимова бұл бастаманың дәстүрге айналып келе жатқанын жеткізді.
«Бұл іс-шара бірінші курсқа енді қабылданған студенттерге өз мамандығына жақындай түсуге мүмкіндік береді. Кәсіби бағытын шыңдап, оқу үдерісіне белсене араласуға жол ашады. Соның нәтижесінде сабаққа да қызығушылық танытып, жауапкершілігі артады. Мұндай квестті біз алғаш рет екі жыл бұрын өткізгенбіз. Студенттерге ұнаған соң, жақсы нәтиже берген соң кейін кәсіби бағдар беру мақсатында да дәстүрлі түрде ұйымдастырсақ деген ниетіміз болды», – дейді ол.
Бүгінде колледжде 20-дан астам техникалық мамандық бар. Ал студенттер кәсіптің қыр-сырын дәл осындай квесттер арқылы жан-жақты меңгеруде.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

