Имплантологияда жаңа кезең: Қарағанды ғалымдары биоыдырайтын материал жасап шығарды
Қарағанды медицина университетінің зерттеушілері имплантология мен хирургия саласында жаңа бағыт ұсынды. Жас ғалымдар, докторанттар мен тәжірибелі профессорлар бірнеше жыл бойы биоактивті полимер мен тіннен тұратын композиттерді әзірлеп келген. Бұл жаңалық жақында ғана ресми түрде жария етіліп отыр.
Қазір сүйек жетіспейтін жерге көбіне титан импланттары қойылады. «Алайда сүйек өскен соң, осы титан импланттарды алып тастау үшін қайтадан ота жасауға тура келеді. Бұл науқас үшін қауіпті, әрі шығынды көбейтеді» – дейді университет зерттеушілері.
Жаңа материалдың басты артықшылығы – өз міндетін орындағаннан кейін ағзада біртіндеп еруі. Бұл қайта ота жасау қажеттілігін азайтып, науқасқа да, медицина жүйесіне де жеңілдік береді.
Университет профессоры Азамат Ыдырысовтың айтуынша, композит көпқабатты құрылымнан тұрады.
«Әр полимер қабатының арасында микрокапсулалар орналасқан. Сол капсулалардың ішінде кальций қоспалары, антибиотиктер, қабынуға қарсы және ісікті басатын дәрілер бар. Әр қабаттың қалыңдығы есептелгендіктен, белгілі уақыт аралығында бұл дәрілер жарақат орнына біртіндеп бөлініп шығады. Соның арқасында сүйектің біту уақыты екі есе қысқарады», – дейді ол.
Қазірдің өзінде ғалымдардың қолында Қазақстан мен Еуразия патенттері бар, ал АҚШ патентін алу үшін өтініш берілген. Дегенмен материалды қолданысқа енгізу үшін әлі де түрлі сынақтан өткізу қажет.
Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Виктор Рикфлес бұл жобаның маңызын былай түсіндіреді: «Жуырда Президент Жолдауында ерекше атап өтілген мәселе – университеттер ғылым жолында көшбасшы болып, өз өнертабысын коммерцияландыруға тиіс. Сол айтылған бағыттың айқын үлгісі – осы жаңалық. Ол Қазақстанды заманауи технологиялар нарығында ілгерілетуге жол ашады».
Ғалымдардың айтуынша, биоактивті полимер тін композиттері имплантология мен хирургияда ғана емес, электроника, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларда да қолданыс табуы мүмкін. Бұл жаңалық медицинаның сапасын арттырып, қазақстандық ғылымның әлемдік деңгейге көтерілуіне үлес қоспақ.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

