Тіл – ұлттың қазынасы
Қаламызда Қазақстан халқы тілдері күніне орай қала әкімінің «Тіл мерейі» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Бұл дәстүрлі марапат 2023 жылдан бері тапсырылып келеді және мемлекеттік тілді дамытуға, тіл мәдениетін дәріптеуге ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды қолдауға бағытталған.
Сыйлық биыл бес аталым бойынша табысталды. Оның алғашқысы – «Тіл майталманы» аталымы. Бұл атақ тарихшы, қазақ тілінің зерттеушісі Әділет Жағыпарға және қазақ тіліне арналған әдістемелік құралдардың авторы, көп жылдар бойы тіл оқыту саласында еңбек етіп келе жатқан Наталия Еременкоға бұйырды. Олар мемлекеттік тілді оқыту мен насихаттау ісіне жаңа серпін беріп, өз тәжірибесімен тіл үйренушілердің қатарын көбейтуге үлес қосып келеді.
«Тіл жаршысы» аталымы тіл тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттап жүрген журналистерге табысталды. Жеңімпаздар қатарында «Индустриальная Караганда» облыстық газетінің тілшісі Қайныш Бұхарбай мен жас журналист Жанбота Елубаев бар.
– Менің ойымша, тіл адамдарды кез келген ұраннан да мықты біріктіреді. Қазақ тілі бүгінде мүмкіндіктер тіліне айналып келеді. Әрбір азамат осы маңызды қоғамдық үдерістің бір бөлшегі екенін сезінуі керек, – деді сыйақы лауреаты Қайныш Бұхарбай марапаттау сәтінде.
«Тіл білгірі» атағы қазақ тілін еркін меңгеріп, өлең жазумен айналысып жүрген жас азамат Владислав Горизановқа табыс етілді. Бұл оның мемлекеттік тілді терең түсініп, шығармашылық тұрғыда қолдана алатынын көрсетеді.
Жастар арасындағы көптілділікті қолдау мақсатында тағайындалған «Жас полиглот» аталымында сегіз тілді еркін меңгерген жас оқытушы Ескендір Мұратов жеңімпаз атанды. Ол тіл үйрену арқылы халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуды мақсат тұтады.
Биыл алғаш рет енгізілген «Мемлекеттік тіл – бизнесте» аталымы кәсіби ортада қазақ тілін кеңінен қолдануға бағытталған бастамаларды қолдауды көздейді. Оның алғашқы иегері медицина саласында кәсіпкерлікпен айналысып, қызметінде мемлекеттік тілді белсенді пайдаланып келе жатқан Жанара Нұржан болды.
Салтанатты шара «Ұлтқа қызмет» спектаклінен үзінді көрсетумен басталды. Көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған қаладағы шығармашылық ұжымдар сахнада өнер көрсетті. Облыстық филармонияның солистері мен ансамбльдері «Туған тілім», «Қазақ елі осындай», «Елім менің» секілді патриоттық әндерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шараны қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды. Мерекелік жиын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, қоғамда тілге деген құрмет пен қызығушылықты арттырудың маңызды қадамына айналды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»