Мектеп асханаларында жаңа стандарт
Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде жаңа тамақтану стандарты күшіне енді. Бұл стандарт еліміздің білім беру ұйымдарындағы тамақтану жүйесін халықаралық деңгейге жақындатуды және балалардың денсаулығын сақтауды мақсат етеді. Енді мектеп асханаларында қант қосылған шырындар мен ысталған өнімдерге жол жоқ. Олардың орнына сүт тағамдары, жеміс шайлары мен жаңа піскен көкөністер енгізілді. Жаңа стандарттың басты мақсаты – балалардың тек қарнын тойдыру емес, денсаулығын жақсарту мен дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру.
Жаңа стандарттың басты мақсаты – оқушылардың дұрыс және теңдестірілген тамақтануын қамтамасыз ете отырып, семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу. Қазыбек би атындағы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Аймағанбетовтың айтуынша, жаңа мәзір балалардың денсаулығын сақтауға ғана емес, олардың білім алуға деген қабілетін де арттыруға ықпал етеді.
– Бүгінде мектеп асханаларында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған жеке мәзір қарастырылған. Ол мәзірде тағамдық аллергия тудыруы мүмкін өнімдер нақты көрсетіледі. Бұл ата-аналардың алаңдамауына, ал оқушылардың мектеп асханасында өздерін сенімді сезінуіне жағдай жасайды, – деді Қазыбек би атындағы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Аймағанбетов.
Жаңа талаптар балалардың жеке қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Диеталық ерекшеліктері бар оқушылар үшін (мысалы қант диабеті, глютенге немесе лактозаға төзбеушілік, тағамдық аллергия, зат алмасу бұзылыстары) арнайы мәзір жасалып, дайын тағамдардағы аллергиялық заттар міндетті түрде көрсетіледі. Бұл ақпарат оқушылар мен олардың ата-аналарына қолжетімді болуы тиіс. Тағам сапасын арттырудың тағы бір тың жолы – «Жеуге жарамсыздық индексін» енгізу. Бұл көрсеткіш – оқушылардың қандай тағамды жемей қалдыратынын анықтау арқылы мәзірді түзетуге арналған маңызды құрал.
– Бұл әдіс бізге оқушылардың нақты қандай тағамдарға қызығушылығы жоқ екенін көруге мүмкіндік береді. Осы арқылы мәзірді уақытылы өзгертіп, мектеп асханасын тек пайдалы ғана емес, дәмді де етуге тырысамыз, – дейді технолог Меруерт Әлімбаева.
Мұндай жүйе мектептегі тағам қалдықтарының көлемін азайтып, балалардың тамаққа қанағаттануын арттыруға сеп болады. Жаңа стандартқа сәйкес, құрамында көп мөлшерде тұз, қант және май бар тағамдар – мектеп мәзірінен алынып тасталды. Олардың орнына табиғи, пайдалы өнімдер келді. Алынған тағамдар: шұжық өнімдері, ысталған еттер, қантты шырындар. Жаңа енгізілгендер: ашытылған сүт өнімдері, қант мөлшері төмен компоттар, жеміс шайлары, газдалмаған су, көкөністер мен жемістер. Тамыз айының соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы әр мектепке арналған перспективалы төрт апталық маусымдық мәзірді және буфет өнімдерінің ассортиментін бекітті. Бұл мәзір балалардың жас ерекшеліктері мен маусымдық өнімдерді ескере отырып құрастырылған. Жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен тамақтандыру ұйымдастырылатын мектептерде осы мәзір міндетті түрде сақталады. Тамақтану стандарттарының тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық басқармалары мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерлері және тамақтандыру қызметін жеткізушілерге арналған түсіндіру семинарларын өткізуді жалғастыруда.
Жаңа тамақтану стандарты – балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Ол арқылы мектеп асханалары заманауи талаптарға сай жаңарып, оқушылардың дұрыс тамақтану мәдениеті қалыптасады. Бұл бастама жас ұрпақтың физикалық және ақыл-ой дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Еске сала кетейік, жаңа стандарт ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 наурыздағы №16 бұйрығына сәйкес бекітілген және 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Егер сіздің балаңыздың тағамдық аллергиясы немесе ерекше диеталық қажеттілігі болса, мектеп асханасындағы мәзірмен міндетті түрде танысып, мектеп әкімшілігімен тығыз байланыста болуды ұмытпаңыз. Денсаулық – бірінші орында!
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»