Қарағанды студенттері кубалық чемпионнан бокс үйренуде

Қарағандыда Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы, үш мәрте әлем чемпионы атанған кубалық боксшы Марио Сесар Кинделан Меса дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісуде. Аса танымал спортшы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің арнайы шақыртуымен келіп, бір ай бойы студенттер мен жас спортшыларға шеберлік сабақтарын өткізеді. Бұл – оқу ордасы мен халықаралық спорт әлемінің өзара әріптестігін арттыруға бағытталған бірегей бастама.

Спорт факультетінің студенттері мен жас боксшылар жиналған жиында чемпионның әрбір кеңесіне ерекше ықыласпен қарады. Шәкірттер үшін бұл кездесу маңызды әрі есте қаларлық шараға айналды, себебі олар өздерінің болашақтағы жетістіктеріне жол ашатын құнды тәжірибе мен ынталандыру алды.

– Дене мәдениеті және спорт факультетіне университет басшылығының арнайы шақыруымен Сидней және Афина олимпиадасының екі дүркін чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Марио Сесар Кинделан келіп, студенттерге оқу-тағылымдық дәріс өткізуде. Университеттің қолдауымен бұл кездесудің студенттер үшін үлкен мүмкіндік екенін айта кеткен жөн. Жаттығу жиындары мен іс-тәжірибелік сабақтар болашақта әрі қарай жетілдіріледі және дамытылады деп сенеміз, – дейді Дене мәдениеті және спорт факультетінің деканы Жандос Әбішов.

Шара кезінде даңқты спортшы жастарға тек техникалық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар өз өмірлік тәжірибесін де бөлісті. Оның айтуынша, үлкен жетістіктердің артында үздіксіз еңбек, тәртіп және төзімділік тұр. Бұл сөздер жастарды шабыттандырып, спорттағы табысқа жету үшін қажетті құндылықтарды ұғынуға көмектеседі.

– Қарағандыға келмес бұрын маған Қытай мен басқа елдерден де көптеген ұсыныс түсті. Сол кезде мен Бахрейнде болатынмын. Алайда мен Қарағандыны таңдадым, өйткені бұл қаланың адамдарына деген ерекше ықыласым бар. Қаланы қатты ұнаттым және бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда болсам, өзімді Кубада жүргендей сезінемін. Студенттермен жұмыс істеу жағынан тек техникасын жетілдіру қажет деп ойлаймын. Университет басшылығымен байланысымыз үзілмейді, ал егер шақырса, мен ойланбастан қайта келуге дайынмын, – деп атап өтті үш дүркін әлем чемпионы Марио Кинделан.

Шеберлік сағатының аяқталуымен студенттер чемпионға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, бірге естелік суретке түсті. Бұл сәт жастар үшін ерекше естелікке айналып, олардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырды.

– Мұндай чемпиондармен үнемі кездесіп отыру өте маңызды. Олардан алған тәжірибе өзімізді жетілдіруге көмектеседі. Кинделан мырза бізге ұзақ мерзімге келді және тәжірибе алмасу мақсатында арнайы шақырылды, – дейді 1-курс студенті Жасурбек Анарбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Марио Кинделанның Қарағандыға келуі жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқаруда. Оның тәжірибесі мен білімдері жастарды спортқа тартуға және олардың дамуына үлкен үлес қосып отыр.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»