Планка рекорды – 54:21

Конституция күні мен Кеншілер күніне арналған мереке аясында Қарағанды облысының Ақтас кентінің тұрғыны Сымбат Бейсембаев ерекше жетістікке жетті. Ол «планка» жаттығуын 54 минут 21 секунд бойы орындап, Қазақстан рекордтар кітабына енуге лайық нәтижеге қол жеткізді.

Рекорд Қарағандының орталық саябағында арнайы орнатылған подиумда тіркелді. Жаттығуды отбасы, достары, спортшылар мен көрермендер бақылап тұрды. Бұған дейін Сымбаттың жеке көрсеткіші – 52 минут 23 секунд болатын.

– Сөйлеуге шамам бар, тек белім ауырып тұр. Бірақ бәрі керемет өтті – ұлттық рекорд орнаттым. Барлық құжаттар рәсімделіп, Қазақстанның рекордтар кітабына жіберіледі, – деді Сымбат Бейсембаев рекордтан кейін.

Сымбат – мамандығы бойынша құтқарушы, қазір кәсіпкерлікпен айналысады және екі баланың әкесі. Негізгі спорты – бокс. Соған қарамастан, соңғы жылдары «планкада» ұзақ тұру бойынша тұрақты жаттығып келеді.

Жерлесіміз бұл жетістігін кеншілер қауымына арнады.

– Барлық кеншілерді мерекемен құттықтаймын! Әкем де ұзақ жылдар бойы шахтада еңбек етті, осы жетістігімді оған және барша кеншілерге арнаймын, – деді рекорд иесі.

Оның ерлігіне куә болған параспортшы Жанна Бакенова да Сымбатты қолдауға арнайы келді.

– Бұл оңай емес. Бірақ өзіңе сенсең – бәрі де мүмкін. Спортшылар бір-бірін әрдайым қолдауы керек, – дейді ол.

Сымбат Бейсембаев – Invictus клубының мүшесі, әрі енді ресми түрде «планка» жаттығуынан Қазақстан рекордшысы атанды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»