Отандық дрондар: Қарағандыдағы алғашқы прототиптер
Қарағанды облысында үш түрлі ұшқышсыз ұшу аппаратының прототипі жасалды. Бұл құрылғылардың көмегімен жол ережесін бұзу деректерін тіркеу, жоғалған адамдарды іздеу, орман мен дала өрттерін анықтау, ірі аумақтарды бақылау секілді көптеген маңызды жұмыстарды атқаруға болады.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті өндіріс үлесі жоғары, бәсекеге қабілетті өнімдер шығару жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Дрон (ұшқышсыз ұшу аппараты) – қашықтан басқарылатын немесе автономды түрде ұшатын әуе көлігі. Алғашқыда әскери мақсатта жасалғанымен, бүгінде ол түрлі салада кеңінен қолданылады: ауылшаруашылығында егістікті бақылау, логистикада жүк тасымалдау, кинематографияда әуе түсірілімдері, төтенше жағдайларда іздестіру-құтқару жұмыстары, полиция мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бағыттарда таптырмас құралға айналды.
Дрондардың басты артықшылығы – жылдамдық, икемділік және тәуекелі жоғары немесе адам бара алмайтын жерлерде жұмыс істей алу мүмкіндігі. Технология дамыған сайын олардың мүмкіндігі артып, жасанды интеллектпен біріктірілген автономды жүйелерге айналып келеді.
Жаңа әзірлемелердің ерекшелігі – олардың функционалдығы мен бейімделгіштігі. Vista-7 дроны алыс қашықтыққа ұшуға қабілетті және адамдар мен көліктерді кең аумақта іздеуге қолайлы. Chimera-5 шағын әрі маневрлі құрылғы ретінде жақын радиуста, соның ішінде ғимарат ішінде немесе қолжетімсіз аумақтарда жұмыс істей алады. Ол үйінді астынан адамдарды іздеуде және полицияның жоғары тәуекелді операцияларында таптырмас көмекші болмақ. Ал Apex-7 – әмбебап көпмақсатты дрон. Ол көшелерді патрульдеу, бұқаралық шараларды қадағалау, өрт қауіпсіздігін бақылау секілді түрлі міндеттерге оңтайлы бейімделген.
Дрондардың прототиптері – шетелдік электрониканы Қазақстанда өндірілген корпустармен тиімді үйлестірудің нәтижесі. «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігінің жобалар жетекшісі Максим Кимнің айтуынша, дрондардың рамалары өзімізде жасалады. Электрониканы қажеттілікке қарай өзгертіп, түрлі міндетке бейімдеуге болады. Ең бастысы мұндай рамалар арзанырақ әрі қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда Қазақстанда сатып алынатын дрондардың бағасы шамамен 12 миллион теңге. Біздің корпустар әлдеқайда арзан әрі тиімді. Оларды 3D-принтерде басып шығарамыз. Егер дрон зақымданса, небәрі 20 минут ішінде жаңа корпус дайындап, бұрынғы электрониканы орнатып, әрі қарай қолдануға болады, – дейді Максим Ким.
Сонымен қатар дрондарды отандық негізде құрастыру олардың өзіндік құнын едәуір төмендетеді. Экономикалық тұрғыдан да тиімді шешім. Мысалы ұзын тасжолдарға стационарлық камера орнату өте қымбатқа түседі, ал бірнеше дронды пайдалану әлдеқайда арзан әрі жедел. Сондай-ақ, мұнай құбырларын бақылау кезінде заңсыз қосылулар мен жанармай ұрлығын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір кәсіпорын дрондарды жаппай өндіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл – жергілікті өндіріс үшін ғана емес, Қазақстанның техникалық әлеуетін арттыруға да үлес қосатын бастама.
Айта кетейік, осыған дейін «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігі «Аргус-жаяу жүргінші» атты автоматтандырылған бағдарламалық кешен әзірлеген болатын. Қарағанды қаласындағы адам көп жүретін қиылыстарға орнатылған бұл жүйе жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеу деректерін тіркеп, жол апаттарын азайтуға үлес қосты. Бір жыл ішінде бұл нүктелерде жаяу жүргіншілерді қағу оқиғасы тіркелмеген. Енді жүйені Қазақстанның басқа қалаларына орнату жоспарланып отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»