«Костенко шахтасы ісі: директор 8 жылға сотталды»

Қарағандыда 46 кеншінің өмірін жалмаған Костенко шахтасындағы апат бойынша сот үкімі шықты. Шахта директоры Сергей Мустивко қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі бойынша ең жоғары жаза – 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Судья Бахтияр Ақановтың сөзінен: «Сот Мустивко Сергей Ивановичті кінәлі деп танып, оған минималды қауіпсіздігі бар қылмыстық-атқару мекемесінде сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды».

Үкім жариялау бір сағаттан астам уақытқа кешігіп, бұл аралықта қаза тапқан кеншілердің туыстары, адвокаттар мен прокурорлар Қарағанды тергеу изоляторының спортзалында күтуге мәжбүр болды.

Айыпталушылар орындығында директордан бастап учаске бастықтарына дейінгі 10 басшы отырды. Олардың ішінде үш басшы 7 жылға, тағы үшеуі 6 жылға, біреуі 6,5 жылға, ал екеуі 5 жылға сотталды. Барлығына да тау-кен саласында басқарушы лауазым атқаруға үш жылға тыйым салынды. Қамауда отырған әр күн жазаның екі күніне тең есептелмек.

Сот отырысында зардап шеккендерге моральдық және материалдық өтемақы төлеу туралы талап қабылданбады.

Еске салсақ, апат 2023 жылғы 28 қазанда болды: 46 кенші қаза тапты, 28 адам жарақат алып, мүгедек болып қалды. Оқиғадан кейін екі ай өткен соң шахтаны иеленген «ArcelorMittal Теміртау» компаниясының орнына «Qarmet» келді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»