«Интернеттегі қылмыс – назардан тыс қалмасын»: Қарағандыда онлайн-алаяқтықпен күрес күшейтілуде
Қазіргі заманда интернет-алаяқтары адамдардың сеніміне кіріп, қалтасын қағатын жаңа тәсілдерді меңгеруде. Виртуалды кеңістікте жасалатын бұл қылмыстың құрбаны болу – кез келген тұрғын үшін нақты қауіпке айналды. Интернет алаяқтығы – бұл шын мәнінде нақты әлемдегі алаяқтықтың сандық көрінісі. Яғни, біреудің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемдену әрекеті.
Алайда онлайн орта – өз заңдылықтары бар ерекше кеңістік. Мұнда алаяқтар анонимділікті пайдаланып, құрбандарымен жүзбе-жүз кездесудің қажеттілігі жоқ күйде әрекет етеді. Сондықтан мұндай қылмыстарды әшкерелеу мен қылмыскерлерді жауапкершілікке тарту айтарлықтай қиын.
Қарағанды қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 851 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл – дабыл қағарлық көрсеткіш.
Интернет-алаяқтықтың ең кең тараған түрлерінің бірі – өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып, қоңырау шалатын тұлғалар. Олар шоттағы күмәнді әрекеттер туралы айтып, тұрғынды шұғыл шешім қабылдауға итермелейді. Қорыққан адамның санасына «ақшаны қауіпсіз шотқа аудар» деген ұсынысты енгізу оңай. Сөйтіп, өз ақшасын өзі беріп қойғанын кеш түсінеді.
Тағы бір кең таралған тәсіл – әлеуметтік желілер мен жарнамалық сайттар арқылы жалған инвестициялық жобаларды ұсыну. Алаяқтар тез әрі жоғары табыс уәде етеді: жылдық 70-250% пайда. Мұндайда адамдардың көбі «мүмкіндік туа қалды» деп сеніп, өз қаржысын белгісіз платформаларға салып жібереді. Алаяқтар шынайы банктер мен сарапшылардың атын жамылып, жалған парақшалар да ашуда.
Қарағанды қаласының полицейлері бұл қауіптің алдын алу үшін жүйелі түсіндіру жұмыстарын қолға алған. Бүгін Қарағанды қаласының полиция басқармасы әкімдікпен бірлесіп, барлық сауда үйлерінде арнайы түсіндіру акцияларын өткізді. Тұрғындарға алаяқтардың әрекет ету тәсілдері мен сақтану жолдары туралы ақпарат таратылды.
– Интернет-алаяқтық – қазірдің өзінде қоғамға елеулі қауіп төндіріп отырған қылмыс түрі. Қазіргі таңда алаяқтар тұрғындардың сеніміне кірудің түрлі амалын меңгеріп алған. Біз халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды және әрбір азаматты алаяқтыққа қарсы тұра алатын деңгейге жеткізуді көздейміз. Осы мақсатта күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – дейді Қарағанды қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Омаров.
Құқық қорғау органдары қарағандылықтарды қырағылыққа шақырады: белгісіз адамдарға жеке деректер мен банк реквизиттерін бермеңіз, күмәнді қоңырауларға сенбеңіз, күмән туғызатын сілтемелерге өтпеңіз. Интернеттегі қауіпсіздік – әр азаматтың өз жауапкершілігінен басталады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»