Аймақтың 10 үздік тауары
Қарағанды облысында «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-жәрмеңкесі өтті. Бұл шараға 50 кәсіпкер қатысып, өздерінің ерекше әрі сапалы тауарларын ұсынды. Айта кетер жайт, бұл өнімдер тек саудаға арналған емес, олардың әрқайсысы – болашақ брендтердің қалыптасуына бастар жол.
Көрменің басты шарты – жергілікті шикізатқа негізделген өнім шығару. Қатысушылардың ассортименті өте әртүрлі: сүт пен ет өнімдері, қолөнер бұйымдары, этностильдегі әшекейлер, керамика, табиғи сабын және тағы басқалар.
Кәсіпкерлер облыстың әртүрлі аудандарынан жиналды. Бірқатары алғашқы рет жаңа өнімін нарыққа ұсынса, енді бірі тұрақты табыстың негізін қалаған.
– «Бір ауыл – бір өнім» – бұл жай ғана көрме емес, ол – нағыз қозғалыс, – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков. – «Қарағандының әр түкпіріндегі кәсіпкерлерге мүмкіндік пен қолдау берілсе, олардың қабілеттері мен идеялары шексіз екенін дәлелдейді».
Долинка ауылынан келген Алтынбек Аманжолұлы табиғи материалдардан ортопедиялық матрастар жасап, өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Шет ауданындағы Жанар Қаңтарбаева «Сыр өнімдері» брендімен танымал. Ол жергілікті сүттен моцарелла, халуми, фета сияқты ірімшіктер шығарады және өнім сұранысқа ие екенін атап өтті.
Осакаров ауданының кәсіпкері Татьяна Барковская сүт өңдеуде тәжірибелі. Өткен жылдан бастап ірімшік пен сары май шығарады. Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылынан ALAQAI бренді ет пен сүзбеден жасалған дәмді жартылай фабрикаттар ұсынды.
Қарағандылық Лаура Жаңабаева табиғи тұнбалар мен қолдан жасалған сабындар шығарады, ал Любовь Величко табиғи материалдардан әшекейлер мен суреттер жасауда.
Көрмеге қатысушылардың өнімдері мұқият зерттеліп, сарапшылар тобы ең үздік 10 тауарды таңдады. Алдағы уақытта арнайы бренд-комитет үш жеңімпазды анықтап, оларды республикалық деңгейде қорғайтын болады.
Бұл бастама жаңа кәсіпкерлерге өнімдерін брендтеу және нарыққа шығару жолында қолдау көрсетіп, өндірістік технологиялар мен маркетинг бойынша тегін оқыту ұйымдастыруға бағытталған.
Бұл көрме Қарағандыдағы шағын бизнесті дамытуға жаңа серпін беріп, жергілікті өнімдердің сапасы мен танымалдылығын арттыруға зор мүмкіндік ашады. Ендігі мақсат – облыс кәсіпкерлерінің еңбек өнімдерін кең ауқымда насихаттап, ұлттық нарыққа шығару.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»