Білім жолында – жаңа басымдықтар мен жеңілдіктер

Талапкерлер үшін маңызды кезең таяп қалды. 13 шілдеден бастап елімізде мемлекеттік білім беру гранттарына өтініш қабылдау басталады. Бұл науқан 20 шілдеге дейін жалғасады. Биылғы жылы гранттар жүйесіне бірқатар жаңалық енгізіліп отыр. Солардың бірі – мерзімді әскери қызметін өтеген жастарға арналған арнайы гранттардың бөлінуі.

Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өткен талапкерлер құжаттарын EGov порталы арқылы онлайн түрде немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн түрде тапсыра алады. Сонымен қатар, виртуалды қабылдау комиссиялары да жұмыс істейді. Талапкерлерге еліміздегі кез келген жоғары оқу орны арқылы құжат тапсыру мүмкіндігі беріледі.

2025 оқу жылына бакалавриат бағдарламалары бойынша 78 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Оның 60 пайызы техникалық және инженерлік мамандықтарға бағытталған. Бұл – ел экономикасы мен еңбек нарығының сұранысын ескерген шешім.

Биыл ерекше назар аударылған санаттардың бірі – әскерде борышын өтеп келген азаматтар. Оларға алғаш рет арнайы білім гранттары тағайындалуда.

– Биыл квоталық категорияларға бірінші рет әскери борышын өтеп келген азаматтарға гранттар қарастырылған. Биыл грант саны 2 010 грантты құрады. Бұл гранттарды Қорғаныс министрлігі оператор ретінде тағайындайды. Негізгі тізім Ғылым және жоғары білім министрлігі бұйрығымен бекітіледі, – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбаева.

Қарағанды облысында бұл бастама нақты іске асып, жемісін беруде. Мәселен, өңірдің 130 тұрғыны, яғни мерзімді әскери қызметін абыроймен өткерген жастар еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды. Олар әскери қызметтегі үздік тәртібі мен нәтижелі еңбектері үшін арнайы грантқа ие болды.

Гранттар берілген оқу орындарының қатарында: Халықаралық инженерлік-технологиялық университет, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университет, Е.А.Бөкетов атындағы университет және басқа да беделді оқу орындары бар.

Болашақ студенттер сұранысқа ие мамандықтарды – ақпараттық технологиялар, металл өңдеу, пайдалы қазбаларды өндіру, азық-түлік өндірісі, туризм менеджменті және әскери салалар бойынша білім алмақ ниетте.

Осакаров ауданында қызмет еткен алты жас азаматқа білім грантының сертификаттары салтанатты түрде табысталды.

– Бағдарлама жастарды әскерде қызмет етуге, өздерінің әскери борыштарын лайықты атқаруға және өмірде өздерін табуға ынталандыруы тиіс, – деді аудан әкімінің орынбасары Динара Көшкенова.

Сертификаттар екі жылға жарамды. Осы аралықта иегерлер жоғары оқу орнына құжат тапсырып, білім жолын бастай алады.

Мысалы Осакаров тұрғыны Николай Корж Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне түсіп, «механик және металл өңдеу» мамандығын таңдаған.

– Тегін жоғары білім алуға мүмкіндік бергені үшін мемлекетке алғыс айтамын. Кәсіпқой маман болу үшін жақсы оқимын, – дейді ол.

Айта кету керек, грант алуға Қазақстан бойынша 17 500-ге жуық әскери қызметші үміткер болған. Бұл – жастардың білім мен болашаққа деген ұмтылысының, ал мемлекеттің оларға деген қолдауының нақты көрінісі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»