Тастаяқ тартысы

Қарағандыда Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай, Нұрмахан Оразбеков атындағы үшінші аймақтық бильярд турнирі өтті. Бұл жолғы жарыс та бұрынғыдан да кем түспеді. Өзара бақ сынасқан 16 журналист тартысты ойын өрнегін көрсетіп, мықтыны анықтады.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне журналистика саласының ардагерлері арнайы шақырылып, жылы лебіздерін білдірді. Олар бұл игі дәстүрдің жас буын үшін мән-маңызы ерекше екенін атап өтіп, ұрпақтар сабақтастығына себепкер болып отырған ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Жарысты дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Saryarqa Aqparat» медиа холдингінің директоры Қайрат Әбілда шараның маңызын былай деп атап өтті:

– Турнир жыл сайын журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізіледі. Бұл – облыс аумағында қызмет етіп жүрген қалам ұстаған қауымға көрсетілген құрметіміз. Мұндай шаралар журналистер арасындағы ауызбірлікті арттырып, кәсіби байланысты күшейтеді. Сонымен қатар, демалып, бір серпілудің де жақсы жолы. Барлық әріптесімді мерекелерімен құттықтаймын!

Турнир аясында сөз сөйлеген ардагер қаламгерлер Нұрмахан Оразбеков туралы естеліктерімен бөлісіп, журналистік жолдың ауыр да, абыройлы екеніне тоқталды. Олардың бірі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Валерий Петухов:

– Бұл жарысқа жыл сайын қатысып келемін. Әр жолы ерекше ұйымдастырылады. Ең бастысы – достық қарым-қатынасты нығайтып, жас әріптестермен жақын араласуға сеп болады. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!

Турнирдің бас төрешісі Ақтілек Жүнісұлы арнайы турнирлік кесте құрып, қатысушыларды жеребе арқылы бөлді. Жарыс «еркін пирамида» тәртібі бойынша өтті. Әр партия шиеленіске толы, дәлдік пен сабырлылықты талап ететін нағыз шеберлік алаңына айналды.

Финалдық кездесуде Қайрат Әбілда мен Михаил Бобажков шеберліктерін сынасты. Қызықты әрі тартысты өткен ойын қорытындысы бойынша бас жүлде Қайрат Әбілдаға бұйырды. Екінші орынды Михаил Бобажков иеленсе, үшінші орынға тәжірибелі журналист Валерий Петухов көтерілді.

Турнир барысында бірнеше арнайы аталымдар да табысталды. Атап айтқанда:

  • «Шебер ойын көрсеткені үшін» – «Хабар» телеарнасының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Руслан Тұрсынғалиев;
  • «Жеңіске деген жігері үшін» – Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы Қуаныш Аманқұлов (Қазақстан Журналистер одағының арнайы жүлдесі);
  • «Құрмет» грамотасы – «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Мақсат Бейсенаев;
  • «Белсенді ардагер ойыншы» – ардагер қаламгер Сүйіндік Жанысбай;
  • «Үздік жанкүйер» – журналист Әли Тойжігіт.

Бұл турнир – тек жарыс емес, журналистер қауымының кәсіби мерекесін мәнді атап өтудің жарқын үлгісі. Ол – рухани серпіліс, достықты нығайтатын алаң, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын көпір іспетті. Нұрмахан Оразбеков есімімен байланысты бұл шара алдағы жылдары да өз жалғасын табарына сенім мол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»