Балқан түбегіндегі жетістік
Қазақстан құрамасы Солтүстік Македонияда өткен Балқан жасөспірімдер математикалық олимпиадасында (JBMO) өз тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Зияткерлік жарыста біздің оқушылар 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді.
Бұл табысқа қарағандылық №1 «Білім-инновация» облыстық лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Мирас Кеңесбек те зор үлес қосты. Ол олимпиадада қола медаль иеленіп, табандылық пен еңбектің арқасында биік белестерді бағындыруға болатынын дәлелдеді.
Айта кетейік, Мирас үшін бұл алғашқы жетістік емес. Биыл ол география және математика пәндерінен республикалық олимпиадада да үздіктер қатарынан көрінген болатын.
Балқан жасөспірімдер олимпиадасы 1997 жылдан бері өткізіліп келеді және 16 жасқа дейінгі оқушылар арасында ең беделді әрі күрделі математикалық жарыстардың бірі саналады. Қазақстан бұл олимпиадаға 2004 жылдан бері қатысып келеді және жыл сайын үздік үштіктен түспей келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»