Қарағандылық тұрғын қаңғыбас жануарларға көмектесудің жаңа жолын ұсынды

Қарағандыда жанашыр азамат қаңғыбас жануарларға қолдау көрсетудің тың жолын тапты. Эколог Әлия Веделих «Құтқару бояуы» атты ерекше бояу кітабын жасап шығарды. Жоба еліміздегі жануарларды қорғау орындарына тікелей көмек көрсетуге бағытталған.

Қаладағы еріктілер мен белсенділер баспаналарда орын жетіспейтінін, дәрі-дәрмек пен азыққа қаражаттың үнемі аз екенін айтып дабыл қағуда. Қайырымды жандар қол ұшын созғанымен, мәселе толық шешімін таппай отыр. Осындай жағдайда қарапайым тұрғын қалай көмектесе алады? Осы сұраққа жауапты іздеген жергілікті тілшілер назар аударуға тұрарлық жобаны анықтады.

«Құтқару орындарының үнемі кезекті итті емдеуге ақша жинауға тырысып жатқанын көре отырып, бұл ешқашан бітпейтін процесс екенін түсіндім. Сондықтан жануарларды қорғау мен олардың қажеттіліктері туралы ой салатын бояу кітабын жасау туралы ой келді. Біз Нұргүл екеуміз осы бояу кітабын жасап шығардық. Бұл менің жануарларды қорғау орындарына көмектесуге қосқан жеке үлесім», — дейді жобаның авторы Әлия Веделих.

Әлияның идеясына иллюстратор Нұргүл Тұрғанбекова қолдау көрсетіп, екеуінің ортақ еңбегінің нәтижесінде жануарлардың өмірі туралы 10 қысқа әңгіме суреттермен көркемделді. Кітаптағы кейіпкерлер балаларға жануарлардың да қорқыныш, аштық, суық сияқты сезімдерді бастан өткеретінін түсіндіреді.

Жобаның тағы бір серіктесі — Қарағанды Экомузейінің білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі Ирина Игнатович. Оның айтуынша, бастама — қиын жағдайда қалған жануарларға «өмір сүруге мүмкіндік беріп отыр.

«Бұл бастама біздің жануарларды қорғау орындарына өмір сүруге көмектеседі. Қаңғыбас мысықтар мен иттерді көргенде, бәріміз оларды бір жерге орналастыруға тырысамыз. Өкінішке қарай, көптеген паналарда қазір шамадан тыс тығыздық мәселесі бар», — дейді Ирина Игнатович.

«Құтқару бояуының» тағы бір ерекшелігі — сатылымнан түскен қаражат толықтай (100%) Қазақстан аумағындағы жануарлар баспаналарына аударылады. Бұл қаражат иттер мен мысықтарды емдеуге, стерилизациялауға жұмсалады.

Қазіргі таңда бояу кітаптары Қарағандыдағы котокафелер мен зоодүкендерде, сондай-ақ Астана мен Семей қалаларында сатылымда бар.

«Мүмкіндігінше көп адам бұл жобаға қосылса деймін. Балаларына сыйлап, тек сурет салдырумен шектелмей, кітаптың жануарларға қалай көмектесетінін де түсіндірсе екен», — дейді «Котокафе» жетекшісі Инна Радченко.

Ұйымдастырушылар жобаны алдағы уақытта өзге қалаларға да кеңейтуге ниетті. Осылайша, «Құтқару бояуы» тек қаңғыбас жануарларға қамқорлық көрсетіп қоймай, балаларды да мейірімділік пен жауапкершілікке тәрбиелейді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»