10 айда шамамен 9 трлн теңге: Қазақстан құрылыс ауқымын ұлғайтуда

Құрылыс қарқыны артып келеді: Қазақстан Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылына қандай нәтижелермен қадам басады 

Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі артып келеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артқан. Бұл ретте өсімнің айтарлықтай қарқыны ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де байқалады. Бұл нәтижелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы аясында ерекше маңызға ие.

Құрылыс жұмыстарының ең үлкен үлесі көлік инфрақұрылымын дамытуға тиесілі. Орындалған құрылыс жұмыстарының 25,4%-ын автомобиль және теміржолдар, сондай-ақ метролар құрайды. Тұрғын емес ғимараттар құрылысының үлесі – 21,5%, ал тұрғын үй құрылысының үлесі – 12,6%. Осылайша, елімізде тұрғын үй құрылысымен қатар кәсіпорындардың жұмысына, көлік пен әлеуметтік саланың дамуына қажетті инфрақұрылым да белсенді түрде дамып келеді.

Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының қарқыны ірі қалалардан тыс жерлерде де байқалады. Едәуір өсім Ұлытау облысында тіркелді, мұнда құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 есеге артқан. Қызылорда облысында өсім 30,5%-ды, Атырау облысында 25,7%-ды, Павлодар облысында 23,8%-ды құрады. Алматы қаласы мен Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 20%-дан астамға артты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай облыстарында және Астанада оң динамика байқалды.

Орындалған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі бойынша елорда көш бастап тұр. Қаңтар–қазан айларында Астанада 1,35 трлн теңгеге жуық сомаға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нысандар салынды. Алматыда бұл көрсеткіш 973 млрд теңгеге жуықтаса, Түркістан облысында 586 млрд теңгеден асты.

Бұл көрсеткіштер елімізде бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлерді, мектептерді, балабақшалар мен медициналық мекемелерді қамтиды. Жыл басынан бері Қазақстанда 44 мектеп, 37 мектепке дейінгі ұйым және 9 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді.

Қазіргі құрылыс қарқыны Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыру қарсаңында аса маңызды. 2027 жылы елімізде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың ауқымды құрылысын бастау жоспарланып отыр.