Қарағандылық үздіктер: дарынды оқушылар мен ұстаздар құрметке бөленді

Қарағанды облысының оқушылары биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада озық нәтижелерге қол жеткізді. Командалық есепте де өңірдің жетістігі айтарлықтай — екі бағытта екінші және үшінші орындарға ие болды. Сонымен қатар халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, чемпионаттар мен шығармашылық байқауларда барлығы 182 медаль ұтып алды.

Дарынды жастармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы кездесіп, үздіктерге алғысын білдіріп, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

— Бұл залда біздің облыс пен еліміздің келешегін айқындайтын жарқын тұлғалар отыр! Ең басты міндетіміз — сіздерге сапалы білім беру. Қазір мүмкіндіктер көп, бірақ бастысы — өздеріңіздің еңбектеріңіз бен тәртіптеріңіз. Биылғы нәтижелер керемет. Әрине, мұнда ұстаздардың да еңбегі зор. Баршаңызды құттықтаймын және білім жолындағы жетістіктеріңізге алғыс айтамын! Сіздерге сенеміз! — деді аймақ басшысы.

Мысалы, Н.Нұрмақов атындағы мектеп-лицей-интернаттың түлегі Әлішер Қазтаев математика, физика, информатика пәндерінен О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанды, сондай-ақ информатикадан Еуразия олимпиадасының және республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері болды. Ол өз болашағын ІТ саласымен байланыстырып, бірнеше қазақстандық жетекші университеттердің грантын жеңіп алған.

№1 «Білім-инновация» лицейінің түлегі Санжар Қалиақбар Бразилияда өткен Менделеев халықаралық олимпиадасында күміс медаль иеленді.

— Қазақстанды халықаралық деңгейде таныта алғаныма қуаныштымын. KAIST университетінде электр инженериясы бойынша оқуды жалғастырамын. Бұл менің кәсіби өсуіме ғана емес, елім үшін де пайдалы болатынына сенемін. Ал мектеп оқушыларына айтарым: білім мен дағды — жарқын болашақтың кепілі, — деді ол.

Кездесуге шығармашылық бағыттағы дарынды жастар да қатысты. «Astana-Merey» ХХ Халықаралық орындаушылар байқауының жеңімпазы Аңсар Исабеков әр адамға музыкалық аспапта ойнауды үйренуге кеңес берді.

— Музыканың тілі ортақ, рухани құндылығы жоғары. Ол адамдарды біріктіреді. Бала кезімнен кәсіби музыкант болуды армандадым. Қазір күніне бірнеше сағатымды музыкаға арнаймын. Болашақта халықаралық сахнада өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетін әлемге танытқым келеді, — дейді ол.

Ұстаздар да назардан тыс қалмады. Облыс әкімі «Мұрагер» мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Ләззат Итжанованы марапаттады. Ол 30 жылдан бері дарынды балаларды тәрбиелеп, математика пәнін тереңдетіп оқытып келеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»