«Балқаш көлі жағасындағы мереке: Balkhash Tour Fest – 2025 ел есінде»
Балқаш көлі жағалауында дәстүрге айналған Balkhash Tour Fest – 2025 фестивалі биыл да мыңдаған қонақты қарсы алып, нағыз жаздың басты оқиғасына айналды. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған мереке биылғы жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, екі күн ішінде 50 мыңнан астам көрерменді тартты.
Туризм мен табиғатты тоғыстырған той
Балқаш қаласы әкімінің айтуынша, фестивальдің ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, былтырғы 25 сауда нүктесінің орнына биыл 90 кәсіпкер өз өнімін ұсынды. Туризмді дамытуға бағытталған шара Балқаш көлінің брендингін де нығайтты: мерекеге келген әрбір қонақ көл жағасындағы табиғаттың сұлулығына тәнті болды.
— Орналасуы ыңғайлы, қала сыртындағы жағалау – демалыс пен мерекені тамаша үйлестіреді. Бағдарлама да жылдан жылға жаңарып, қонақтарды көбірек қызықтыруда, — деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Желкенді регата мен ерекше рекорд
Фестиваль аясында Балқаш көлінде желкенді регата ұйымдастырылып, Алматы, Шымкент, Түркістан өңірлерінен келген яхтсмендер мен жергілікті команда өзара бақ сынасты. ҚР желкенді спорт бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Ерсұлтан Нарбаев Балқаш көлінің желкенді спортқа аса қолайлы екенін атап өтті.
Қонақтарды ерекше қызықтырған жайттардың бірі – фестиваль барысында дайындалған алып қазыбургер болды. Салмағы 53 килограмм тартатын дәстүрлі дәм фестиваль қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Көңіл көтеру алаңы – баладан қартқа дейін
Фестивальде балаларға арналған «Көк трактор» шоу-бағдарлама, батуттар, аквагрим, түрлі аттракциондар ұйымдастырылды. Ересектер үшін жағажай футболы, шығармашылық шеберлік сабақтар, қолөнершілердің жәрмеңкесі мен фудкорттар ашылды. Сахнадан ән мен музыка үзілген жоқ: «Килиманджаро» тобы, Қанай, Қайрат Баекенов және рэпер Назима көрермендерді әнмен тербетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Таза Қазақстан»: табиғатқа жанашырлық
Фестивальдің маңызды бағыты – экология мен еріктілік болды. Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған Road Fest бастамасы аясында жүзге жуық волонтер Балқаш маңындағы аумақтарды қоқыстан тазартты, пластик қалдықтарды жинады. Балалар пластик бөтелкелерді балмұздаққа айырбастап, табиғатты қорғаудың қарапайым да маңызды жолдарын үйренді.
Еріктілер Бектау-Ата жартасының вандалдық жазбалардан тазаруына да ат салысты. Жастар табиғи мұраға деген құрметін көрсетіп, туған өлкенің тарихи келбетін қалпына келтіруге үлес қосты.
— Бұл фестиваль менің Балқашқа алғашқы сапарым еді. Табиғатты қорғауға атсалысу, жаңа достар табу мен үшін үлкен тәжірибе болды, — дейді Шымкенттен келген жас белсенді Ернар Ахымбетов.
Жаңалықтар мен жарқын естеліктер
Balkhash Tour Fest биылғы жылы бірқатар тың жаңалықтармен есте қалды: алғаш рет «Балқаш көлінің аңызы» атты мультимедиялық проекциялық су шоуы көрсетілді, фестиваль атауы жазылған динамикалық инсталляция ең танымал фотоаймаққа айналды.
«Коунрад» корпоративтік қоры қолдауымен ашылған эко-алаңда жас инженерлер пластикті 3D принтерге арналған жіпке айналдырып, заманауи үлгілерді басып шығарды. Ал Балқаш оқушылары қала символикасын өз қолдарымен жасап, «Балық бейнесі» секілді шығармашылық жобаларымен бөлісті.
Фестиваль соңындағы феерия
Екі күн бойы Балқаш көлі жағасында шаттыққа толы күлкі мен ән, спорт пен экологиялық ойлар үндесіп жатты. Balkhash Tour Fest – 2025 қонақтарға жарқын әсер мен ұмытылмас естеліктер сыйлап, мерекелік отшашумен қорытындыланды.
Бір сөзбен айтқанда, Балқаш көлі жағасындағы бұл фестиваль — табиғат пен туризмді, өнер мен достықты біріктірген нағыз халықтық мереке!
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»