Қарағанды облысы 500 мың туристі қабылдауға дайын
Қарағанды облысында 2025 жылдың соңына дейін жарты миллионға жуық туристің келуі күтілуде. Өңір туризмді дамытуға серпінді қарқынмен кірісіп, инфрақұрылымды жақсартуға, цифрлық технологияларды енгізуге және сервис сапасын арттыруға күш салып жатыр. Әсіресе Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы өңіріндегі экотуризмге баса назар аударылуда.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында айтылды.
Балқаш – жаңғыру жолында
Балқаш қаласында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта әуежайды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жоба аяқталған соң оның өткізу қабілеті 30%-ға артады. Сонымен қатар, қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін толық бейімделу жоспарланған. Қалада жағалауды және жағажайларды жаңарту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Сумен жабдықтау мәселесі де шешімін табуда. Қала әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, Барковский және Рембаза аудандарында жаңа магистральға қосылғаннан кейін су қысымы тұрақталған. Сонымен қатар Торанғалық пен Шұбартүбек ауылдарында су құбырының құрылысы басталды. Жергілікті тазарту құрылғыларын орнату жобасы да қолға алынған.
Туристік қатынасты жақсарту үшін көлік бағыттары кеңейтілуде. «Қарағанды-Балқаш» бағытында қосымша пойыз вагондары, автобус және авиамаршруттар ашылды.
BalkhashTourFest – жаздың басты оқиғасы
20-21 маусымда Балқашта дәстүрлі BalkhashTourFest фестивалі өтеді. Шара аясында ақпараттық турлар ұйымдастырылып, QAZ ELI атты қазақстандық алғашқы онлайн-брондау платформасы таныстырылады.
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, өңірде цифрлық шешімдер де белсенді енгізілуде. WhatsApp мессенджерінде жасанды интеллект негізіндегі тәулік бойы қызмет көрсететін чат-бот жұмыс істейді. Сонымен қатар туристерге ыңғайлы болу үшін нысандарда QR-кодтар орнатылып, онлайн-гид қызметі қолжетімді болды. visitqaraganda.kz порталы жаңа контентпен толықтырылып, онлайн-қонақүй брондау жүйесі іске қосылуда.
Қарқаралы – табиғат пен тарихтың тоғысы
Қарқаралы өңірінде де туристік инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Биыл «Қарағанды–Қарқаралы» тас жолының жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Ұлттық парк аумағында бағыттар белгіленіп, Бұғылы аймағына инженерлік желілер тартылып жатыр.
Шілде айында Қарқаралыда халықаралық трейлер-марафон – Qarkaraly Bugyly Fest – 2025 өтеді. Бұл іс-шара өңірдің халықаралық туристік деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.
Туризм тек саяхат емес – жайлылық пен қауіпсіздік
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жол бойындағы және туристер көп жиналатын орындарда санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту міндетін қойды. Қоғамдық орындарда тәртіп пен тазалықты сақтау, қосымша мангал, барбекю-аймақтар, санитарлық тораптар мен қоқыс контейнерлерін орнату мәселесі де басты назарда.
– Туризм тек инфрақұрылым салу емес. Біз адамдар демалғысы келетін атмосфера қалыптастырып, жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл – жүйелі жұмысты және әр азаматтың жауапкершілігін талап ететін бағыт, – деді өңір әкімі.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»