Ката-каратэ – шеберлер жарысы
Қарағанды қаласында ката-каратэден дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Бұл жарыс – тек дене күшімен емес, техникалық шеберлікпен және ішкі жинақылықпен ерекшеленетін спорт түрі. Ката – қарсыласпен тікелей жекпе-жекке түспейтін, алдын ала жатталған қозғалыстарды орындау арқылы спортшының дайындық деңгейін көрсететін каратэ бағыты. Мұнда әрбір қимыл дәлдікпен, ырғақпен орындалады. Сондықтан жеңіс жұдырықтың емес, шеберліктің арқасында келеді.
Аталған турнирге 11 жастан жоғары 300-ге жуық спортшы қатысты. Қатысушылардың шеберлігі мен дайындығы жарыс деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Бұл бәсеке – тек медаль үшін емес, сонымен қатар тамыз айында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде де маңызға ие болды.
– Бүгінгі турнир Қарағанды облысының ката бойынша чемпионаты болып саналады. Бұл – еліміздің басты додасына апаратын алғашқы баспалдақ. Спортшыларымыз бұл алаңда өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге тырысуда, – деді жарыстың бас төрешісі Думан Балтабай.
Турнирге қатысушылардың қатарында 15 жастағы жас спортшы Санжар Ерікбайұлы да бар. Каратэмен айналысқанына төрт жыл болған ол бұл спортты тек жаттығу ғана емес, өмірлік ұстаным ретінде қабылдайды.
– «Мен каратэмен 4 жылдан бері айналысып келемін. Бұл спорт мені тәндік әрі рухани тұрғыдан шыңдады. Оның терең философиясы мені баурап алды. Осы жарысқа бір ай бойы дайындалып келдім. Өзімді мықты сезініп тұрмын, бірінші орын алатыныма сенімдімін», – деді Санжар.
Жас спортшының сенімділігі мен дайындығы оның спортқа деген үлкен құлшынысы мен табандылығын көрсетті. Мұндай жарыстар тек шеберлікті шыңдап қана қоймай, жасөспірімдерге үлкен спортқа жол ашатыны сөзсіз.
Қарағандыдағы ката-каратэ турнирі – спорттың шынайы мәнін, яғни тәртіп пен өзін-өзі басқару, табандылық пен ішкі үйлесімділікті паш еткен маңызды шара болды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»