Мектеп оқушысы 100 мың бонусқа ие болды
Қарағанды облысында мектеп оқушыларына арналған «Ұпайлар үшін бонустар» білім беру акциясының алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл бастама оқушылардың оқу үлгерімін арттырып, білімге деген қызығушылығын оятуды мақсат етеді. Жобаны Halyk Bank Қарағанды облысының білім басқармасы және Bilimal білім беру платформасымен бірлесіп жүзеге асырды. Бірегей форматтағы бұл бағдарлама аясында оқушылар алған бағалары үшін бонустар жинап, түрлі марапаттарға ие болу мүмкіндігін алады. Акцияның алғашқы кезеңінде ерекше жетістіктерімен көзге түскен жеңімпаз да анықталды – Қарағандылық 5 сынып оқушысы үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып, жетістікке жетуге ынталандырудың тың тәсілі – енді күнделікті алған жақсы баға үшін нақты бонус алуға болады. Бұл – білім мен қаржылық сауаттылықты ұштастырған ерекше жоба. 2024 жылғы 1 сәуірден бастап облыс көлемінде «Ұпайлар үшін бонустар» атты ынталандыру акциясы іске қосылды. Бағдарлама 5-11 сынып оқушыларына арналған. Енді Bilimal білім беру платформасындағы күнделік арқылы жинаған әрбір 10 ұпай үшін оқушылар Halyk Bank-тан 100 бонусқа ие болады. Бұл бонустар Halyk Easy банк картасына аударылады және оларды тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін пайдалануға болады. Мақсаты – оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырумен қатар, оларды қаржылық сауаттылыққа баулу. Қазіргі уақытта бағдарламаға 5 мыңнан астам оқушы қатысып, алғашқы нәтижелерін алып үлгерген. Ұпай жинаған сайын олардың бонустық есепшоты да артып келеді. Бұл – шәкірттерге білім алудың тікелей пайдасын сезінуге мүмкіндік береді.
– Бұл кәдімгі жұмыс тәрізді, мұнда оқушылар ата-анасына ақша жіберіп, мысалы сатып алуларға немесе асханада тамақтануға жұмсай алады. Бонустармен бірге бұл қаражатты оқушы өзі қажет деп тапқан кез-келген мақсатқа жұмсай алады. Мұның өзі тәжірибе, ақша табудың мүмкіндігі. Қаржылық сауаттылықты үйрену, жинақтауды, дұрыс жұмсауды, өзінің бюджетін жүргізу мүмкіндігін үйрену мүмкіндігі, – деді «Halyk Bank» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Иван Скородиевский.
Білімге ынта қойып, алға қойған мақсатына табандылықпен ұмтылған оқушының еңбегі еленбей қалмайды. Қарағандылық оқушы қыз жаңа басталған білім марафонында өзгелерге үлгі боларлық нәтижеге қол жеткізді. Қарағанды қаласындағы №3 гимназияның 5-сынып оқушысы Ева Красикова «Ұпайлар үшін бонустар» акциясының алғашқы кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Ол Bilimal платформасындағы оқу жетістіктері арқылы ең көп ұпай жинап, 100 мың бонусқа ие болды. Сыйлық ретінде Еваға Halyk Bank тарапынан арнайы сертификат салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұл марапат – оның табандылығы мен үздік оқуының жемісі. Мұндай жетістік өзгелерге де үлгі болып, оқушылар арасында білімге деген қызығушылықты арттыра түсетіні сөзсіз. Айта кетейік, бұл акция 2024 жылғы 1 сәуірде басталған және оған 5–11 сынып оқушылары қатыса алады. Бағдарлама оқушыларды білім алуға ынталандырып қана қоймай, қаржылық сауаттылыққа да баулуда.
– Маған бұл бағдарламаға қатысуды анам ұсынды. Бәлкім жолым болып, қалар деп қатыстым. Расымен, жолым болды. Басында сенбедім, таң қалдым. Бірақ кейін қатты таң қалдым. Меніңше бұл дұрыс, балалар жақсы оқуға тырысады және сыйлық ұтып алады, –дейді №3 гимназиясының 5-сынып оқушысы Ева Красикова.
– Мен қатты қуандым. Басында әрине сенбедім. Әйелім айтқанда таң қалдым. Бірақ кейін банктен өкіл хабарласып, мектептенде жазды. Сынып жетекшісі хабар берді. Содан кейін шын қуанып қалдық. Қызымнан қайда жұмсайсың деп сұрадым, әлі ойланып жүр, –деп атап өтті Ева Красикованың әкесі Кирилл Красиков.
«Ұпайлар үшін бонустар» бағдарламасы оқу жылы бойы жарамды. Ай сайын 10 немесе одан көп үздік баға жинаған өрендер Halyk Bank-тан 100 мың бонусқа ие болады.
ҚАНАҒАТ ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»