Саябақтағы көл неге лайланды?

Орталық саябақтағы көл жағдайы көпті алаңдатады. Ондағы су деңгейінің төмендеп, түбі балдырлануы біраз мәселе туындатқаны белгілі. Бюджеттен қаржы бөліп, атқамінерлер көл басында жылжымалы кеңес өткізіп, экологтар пікірі де ескерілген. Қырағы қарағандылықтардың қатаң бақылауында тұрған су тоғанына тұнық емес су құйылып, жұртты тағы қапаландырды.

Тұрғындарды толғандырған мәселе дереу талқыға түсті. Анықталғандай көлге құйылып жатқан ағынды су құбырды шайған су қалдығы болып шықты. Ағынды судың қайдан бастау алғанын анықтап айтар болсақ, Қарағандыда «Алматы Инжстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы салған магистралды су құбырын пайдалануға беру бойынша қорытынды жұмыстар жүргізілуде. Су құбыры жаңа қала, Михайловка және Ақтас кентінің тұтынушыларын сумен қамтамасыз етеді. Жаңа желі Солнечная көшесінен «Западная» сорғы станциясына дейін орналасқан, оның жалпы ұзындығы 8,6 километрді құрайды. Жүйені іске қоспас бұрын, құбырларды жуу міндетті технологиялық талап болып табылады. Құбырларды құм, топырақтан тазартуға арналған ешқандай химиялық қоспасыз таза суды канализацияға ағызу әбестік болып саналады. Сондықтан су деңгейі түсіп жатқан орталық саябақтағы көлге құю оңтайлы шешім деп есептелген. «Қарағанды су» мекемесінің мәліметінше, бұл ешқандай химиялық қоспалар қосылмаған таза су. Құбыр бойын жуып –шәймай, қысымын тек сермей, орталық желіге қосса, онда сол мезетте- ақ үйлер мен пәтерлердегі бүкіл жүйе құрдымға кетері анық. Сондықтан құбырды шайған суды жүйеден тыс төгу қажет болған. Жалпы құбыр бойын таза сумен шаяды. Бірақ жаңадан төселген құбырмен өткен суда құм мен саздың жинақталары түсінікті. Және мұндай суды жәй ғана төгіп тастау ысырап, өйткені ол су химиялық қоспалармен ластанбаған. Сол себептен құбыр бойын шәйған суды көлге құюды жөн санаған.

Бұл ретте кірленген, бірақ қауіпті емес су көлге қысыммен берілгендіктен, ол судағы құм мен саз салдарынан су түсі қоңырқай, яғни ластанған кейіпте болып, бұл тұрғындардың наразылығын тудырды. Қалай дегенмен, саз бен лайдан түрі қошқылданған судан саябақ көліне зиян жоқ. Жаңадан төселген құбыр бойындағы суға зертханалық сараптама жасап, ондағы су пайдалануға жарамды дегенде ғана құбыр жуу, жуылған суды көлге бағыттау жұмыстары тоқтатылады.

Бастысы судан күніне екі мәрте сынама алынып, тексеріліп отырды. «Қарағанды Су» ЖШС өкілдері жағдайды былай деп түсіндірді:

«Жоба бойынша техникалық тұрғыдан өте күрделі монтаждау жұмыстары тәмәмдалды. Жалпы Қарағанды қаласында осындай тың тәсілмен желілік құбыр жолын төсеу жұмыстары осыған дейін жүргізілген емес. Және бұл шаруаны арнайы құрылғы көмегімен ғана жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Ол құрылғысыз жерді қазбайақ диаметрі 800 мм болатын су тартқышты өткізу мүмкін болмас еді».

Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен бұл көлдің жағдайы қазір қалыпты. Елге тараған бейнежазбадағы лайдың барлығы тұнып, көл байырғы бейнесіне қайта келген. «Қарағанды Су» ЖШС өкілдері тұрақты түрде химиялық сараптама жүргізіп, су құрамын бақылауға алған. Қазіргі таңда құбырлар алдыңғы күндерге қарағанда біраз тазарған. Судың құрамында химиялық қосынды болса, көл бетіне ешқандай құс қонбас еді,- дейді «Қарағанды Су» ЖШС ауыз су сапасын бақылау зертханасының бастығы Елена Гниломедова.

Химиялық талдаулардың нәтижелері бойынша судың сапасы, лайлылықтың концентрациясынан басқа санитарлық ережелерге толық сәйкес келеді. Ерітілген оттегі 1 литрге 11,8 мг құрады, бұл ерітілген оттегі 1 литрге кемінде 4 мг болуы тиіс шекті рұқсат етілген концентрацияны бұзбайды.

Су ағызу жұмыстары таяу күнде аяқталады. Ал арнайы құбырлардың барлығы жиналып, саябақ байырғы қалпына келеді. Ең бастысы тазалауға арналған су ысырап болмай, көлдің көлемін ұлғайтты, — дейді «Қарағанды Су» ЖШС өкілдері.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

QH.